Ата-ана жауапкершiлiгiн кiм сұрай алады?
Ешкім де сұрай алмайды. Батыстан алған былғанышты «демократиямыз» бәрінің де жолын жауып тастаған. Заңбұзушылықтың қылмыстық әрекетіне дейін барған баланың ата-анасына шара көруге мектеп әкімшілігінің құзыреті бар ма? Жоқ. Әлде, заң органы қызметкерінің құқығы бар ма? Жоқ. Қылмыс жасаған баланың әкесінің қызмет орны ата-анаға шара көре ала ма? Жоқ. Жасөспірім оқушы біреуге пышақ салып қанын судай ағызған, тіпті адам өлтіруге дейін барған фактінің негізінде қанішер баланың біреуінің ата-анасы жазаланыпты дегенді есіткен адам бар ма бізде? Әрине, жоқ.
Тіпті, ауыр қылмыс жасаған баланың ата-анасының қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту туралы елімізде соңғы 30 жылдың ішінде бір рет салиқалы сөз етіп көріппіз бе? Жарқын болашақ туралы сұлу сөзді төгілтіп тұрғанда, сол болашақтың иесін қалай қалыптастырып жатқанымызға шынайы жанашырлықпен қарап көрдік пе? Өмір тынысының өзекті мәселелеріне сергектік таныта алмай, немқұрайдылықпен «моя хата с краяға» кетіп қалғанымызды бүгінгі ұрпақ көріп те, біліп те отыр ғой.
Әр бала өзінің елдің иесі екенін сезініп, өз Отанының алдында үлкен жауапкершілігі барын білумен қалыптасуы керек болса, оның бәрі ата-ананың басты міндетіне жатады. Ал бүгінде біз сол ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігін ұмытып кеткен сияқтымыз. Өйткені, ата-ана 4-5 сағат мектепте болып, қалған 19-20 сағатын өзімен бірге болатын баласының тәрбиесін мектепке арта салуға дағдыланды. Қараңызшы, балалар арасында қылмыстық әрекет жасалынып, бір «шу» шығып қалса, оның хабары тиіп, оқиға орнына келген полиция қызметкері оқушыға «сынып жетекшісі кім, директоры кім, оның тәрбие-ісі орынбасары кім?» деген сұрақпен басталған тексеру кезінде «ата-анасы кім, қайда тұрады, не жұмыс істейді, әке-шешесін білесіңдер ме?» деген бірде-бір сұрақты есітпейсің. Оқушы жасаған қылмыстық істің тексерілу барысында РОВД мен мектептің арасын тоздырып мұғалімдер жүреді. Ол жерде күйзеліп жүрген ата-ананы көрмейсің.
Бұл күндері мектеп оқушыларының арасындағы қылмыстық заңбұзушылықтың жойылмай келе жатқанын ата-аналардың жауапкершілігінің жоқтығынан деп анық айтуға болады. Баласы адам өлтірген ата-ананың жазаланды дегенін есіткендеріңіз бар ма? Біздің ата-аналарымыз бала тәрбиесінің жауапкершілігін сезінбейді десек қателеспейтін шығармыз. Соның жарқын бір мысалын жуырда ғана Шымқаланың қақ ортасынан көруге тура келді. Жаңа оқу жылының басталғанына апта өтпей жатып №65 мектеп-гимназиясы мен №46, №38 мектептің жоғары сынып оқушылары арасындағы «разборкада» пистолет пен шолақ мылтық қолдануға дейін барды. Бір оқушы атылған оқтан ауыр жараланып, өлмей әйтеуір аман қалған.
Оқушылардың суық қару жұмсауымен қан төгілді. Есіткен жанның төбе шашын тік тұрғызатын сұмдық. 30-40 оқушы улаған-шулаған еткен жерде небәрі үш бала ғана күдікті болыпты-мыс. Оқ атылды, пышақ жұмсалды, адам қаны төгілді. Тура бір кәдуілгі көріністей қабылдадық. Өзіміздің «шымкентшелеуіміздің» арқасында 3 оқушы «бөжей» де, қалғанының бәрі сахналық көріністің көрермендері болып шыға келіпті. Ал, өскелең ұрпақтың тағды-рына шын жанашырлық бұлай жасалмаса керек. Шымкентті «селк» еткізерлік бір адамның үні шықпады. Әлеуметтік желілер оқырманға «қызықты хабарды» жарыса жазып жатқанда ел намысын, имандылықты, ата-ана жауапкершілігін ауызға алмағаны таңданыс тудырмады. Біздің бүгінгі «өлі-сүйектігіміздің» зардабын өскелең ұрпағымыз тартпаса болғаны дегенді ойлайтын жан елде табылмайтын сияқты. Ұлтымыздың болашағын сақтайтын ұрпақтың тәрбиесі бүгінде ешкімді қызықтырмайтындай. Өркениет көшімен келген келеңсіздіктер де жетерлік.
Дәл қазір бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін күшейтудің уақыты жетті. Не істерін білмегендіктен «ГАИ-дың» ала таяғын алып қоюға, біресе қайтарып беруге заң қабылдайтын біздің парламенттің «данышпан» депутаттары ұрпақ тәрбиесінің өзекті мәселелеріне назар аударса болмай ма? Қалай дегенде де, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне ата-ананың жауапкершілігін күшейтуді қарастыратын уақыт жетті.
Әділ Мұратбеков