Мұғалiм мәртебесi мәреге жеттi, ал мына жақта шынайы өмiр шындығы қандай?
Еліміздің Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов көптен күткен «Мұғалім мәртебесіне» қатысты заң жобасын Парламент Мәжілісіне таныстырғанда бір серпіліп қалған сияқты. Министр бірқатар халық қалаулыларының сұрағына жауап берген болып жайына кетті. Енді комитет отырысында талқыланған болып, одан Сенатқа қарай сырғытылады. Өйтіп-бүйтіп жүргенде бұл заң да қабылданады.
Елімізде жаңадан қабылданатын әрбір заң үшін, оның әрбір бабы мен тармағы үшін жанын қинайтын жанашыр депутатты табудың өзі көзден ұшып тұрған заманда бұл заңның да осылай қабылданатынына шүбәңіз болмасын. Өйткені бұл қалың елдің Тәуелсіздіктің таңынан кейін зарыға күткен заңдарының біреуі болса да, бірегейі болатын. Жаһанданудың жалыны шарпыған кезеңде ұлтты аман алып қалудың жалғыз жолы ұрпақ тәрбиесіне ғана қатысты екендігі екінің біріне белгілі болып қалды. Мыңдаған жылдардың сан қырлы жолында ұрпағының тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қараған ұлы бабаларымыздың өнегесімен жасалған ұлттық құндылығымыздан қол үзуден ұтыларымыздың көп боларын сезінер емеспіз.
Ата-ана жауапкершілігін жай ғана қалдырдық
Әрбір бала – мемлекетіміздің бөлінбес бөлшегі. Елдің болашағына қаланатын бір кірпіш. Бүгінгі бала – ертеңгі жарқын болашақтың толыққанды иесі болумен бірге, соның арқасы қара нардай жауыр болған адал перзенті, туған елінің абыройын асыратын азаматы. Соншалықты жауапты жұмысқа біздің бүгінгі ұстанымымызды көрсеңіз, сенер-сенбесіңізді білмейсіз. Біз бала тәрбиесін білім мекемелеріне сырғыта салдық та, ата-ананың бала тәрбиесіне жауапкершілігін елеусіз етіп жіберіп, одан оңбай ұтылдық. Қазақтың соңғы ғасырларға дейін жылқы алу барымтасында бірлі-жарым адамның кездейсоқ қаза тауып кеткені болмаса, қазақтың жасөспірім баласы түгілі, арыстай азаматтарының өзі қасақана кісі өлтіруге бармаған. Ал, қазір ше? 15-16 жасар жасөспірімнің өзінің сыныптасын атып өлтіргенін немесе сыныптасына пышақ салып өлтіргенін есіту ешкімді «селк» еткізбейтін болды. Баланың қолынан бала өлді. Сол сағатта-ақ мектепті басып қалған тексеру. Адам өлтірген сыныптың жетекшісінен бастап, мектептің директоры мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары заң органы қызметкерлерінің мектеп ішінде жедел де, қатқыл басып тиянақтылықпен жүргізілетін тергеу амалдарының құрсауында қалып, көздері бозарып отыратынын жұрттың бәрі біледі. Дәл осы кезде адам өлтірген оқушының ата-анасының үйіне келіп, жұмыс жасап жатқан құқық қорғау органының қызметкерін көре аласыз ба? Әрине, жоқ. Кедей-кепшіктің баласы адам өлтіре салмайды. Өйткені, оның артында «сенері» жоқ. Ал, бала жасынан байлықтың буына мастанып өскен, әкесінің биік лауазымын арқаланумен өскен жасөспірім менмендікке салынған ашуының арқасында адам өлтіруге дейін барып қалған. Адам өлтірген баланың ата-анасының үйіне жедел келіп, ауыр қылмыстың ізін суытпай тергеу амалдарын жүргізуге тергеушінің бара алмайтындығы, қылмысқа қатысты күдіктіні көрсететін ресми құжаттарды ұсына алмаса, оны үйден айдап шығатыны бесенеден белгілі. Осы мәселемен мектептің қызметкерлері РОВД мен мектептің арасын жол қылып жүргенде сіздің баласы адам өлтірген ата-ананы көре қалауыңыз неғайбыл шығар. Өйткені, сол кезде ол ата-ана жар құлағы жастыққа тимей, мәселені өз қалауы бойынша шешіп алуға барын салып жатады. Жасөспірім адам өлімінен басқа да ауыр қылмысқа барып: суық қарумен адам жарақаттау, топ ұйымдастырып сыныптасына ауыр жарақат салу, топтық бопсалау көрсетіп сыныптастарын қорлау, қорқыту жасайтын фактілері анықталғанның өзінде сол жасөспірім басбұзарлардың біреуінің ата-анасының заң алдында жауап бергендерін көріп, есітіп білгендерің бар ма? Әрине, жоқ.
Ата-ананың бала тәрбиесінде жауапкершілігі жоқ дейтін деңгейге жеттік. Баланың сынып жетекшісі мен оның пән мұғалімдеріне деген ата-ананың бір ілтипатын көре алмайсың. Баласы сабақтан келсе, алғашқы сұрағы «Апайың ұрысқан жоқ па? Ұрып көрсінші, айт маған, көрсетемін оған» деп өзінен-өзі жұлынып тұру кәдуілгі тірлікке айналып кетті. Мектепте ата-аналар жиналысына үйдегі қолы бос «қатындардың» келуі дағдыға айналды. «Ұлым немесе қызымның сабақ үлгерімі қандай, тәрбиесі қандай екенін білейінші?» деп алаңдап жүрген әкені емге іздесең таппайсың.
Оқушы ұстазымен бірге 3-4, ары кетсе 5-6 сағат болады да, қалған уақыты ата-анасының қасында өтеді. Қоғам алдында ұрпақ тәрбиесі үшін ата-ананың бірінші жауапты екендігі осыдан-ақ көрінеді. Ал мынау «көйлегі көк, тамағы тоқ, жұмысы жоқтардың» заманында «білгішсінудің» шегіне шығып кеткен «данышпандардың» өз балаларының көзінше мұғалімдерді «жерден алып, жерге салып», мұқатып, кекете сөйлеп отыруын ұлт трагедиясы десек, артық бола қоймас.
Мұғалімдердің мәртебесі туралы заңды қабылдаудың уақыты келген де шығар. Ал, біз өміріміздің тыныс-тіршілігінің шынайы көрінісін ескеріп отырмыз ба? Бұл да баяғы КСРО-ның сүрлеу-соқпағынан шыға алмай, «показуха» үшін жылтыратып жазылған қысыр сөзді көп заңдарымыздың бірі болып қалмай ма? Ұрпақ тәрбиесіне бірінші, ата-анасының жауапкершілігі салиқалы да, салмақты тұрғыдан қарастырылмаған соң, не үміт, не қайыр?
Тәрбиесіз білім жоқ, білімсіз болашақ жоқ
Оқушының мектептегі жалғыз жанашыры сынып жетекшісінің сыныптағы пән мұғалімдерімен, сыныптағы ата-аналарымен, мектеп ортасымен шынайы байланысы қалыптаспай, оң нәтижеге жете алмайтынын түсінетін ұстаздардың атқарар еңбегі өлшеусіз екендігіне ешкім де шүбә келтіре алмаса керек.
Білім министрлігі мектеп мұғалімдерін 5 түрлі құжатпен ғана жұмыс істейтін етіп, бұрынғы қағазбастылықтан құтқарып тастадық деп қалың елдің құлағына «лапша» іледі. Бір сәт жұртшылықтан ұялсақ болмай ма? Даңғазалықпен, құлақтан тебуді қоятын уақыт жетті ғой? Қашанғы қарапайым халықтың мазағына айналып, бетіміз «былқ» етпей жүре бермекпіз. Бір сыныптың жетекшісі бір айдағы жұмысының өзіне А-4 қағазының 2 пачкасын, яғни 1000 данаға дейін қағаз жұмсайды. Оның сыртында әр тәрбие сағаты үшін сол сабақтан оншақты бейнесурет пен бірнеше слайдтарды қамтыған бірнеше беттік іс-жоспар мәтінін тапсыруы керек. Сынып жетекшісі сабағына фотограф жалдайды, оның бірнеше көріністегі фотосуреттерін алады. Кейде соның бәрін дискіге жазып өткізу талабы қойылады. Оқушыларына шынайы жанашырлығы бар ізденімпаз ұстаздардың өз оқушыларының көңілінен шығатын, солардың талап-тілегіне сай келетін шығармашылық ізденістегі іс-шараларды өткізуге тура келеді. Дәл қазір мұғалімдердің шығармашылық ізденіспен жұмыс істеу мүмкіндіктері шектеліп ғана қоймай, «Пәленшекеңнің тапсырмасын орындауда» деп басталатын «показуха» тірлікке көшірілетін шығар, әсте.
Қараңызшы, дәл қазір бүкіл еліміздің барлық мектептеріндегі сыныптарда он тақырыптың «Тәрбие сағатын» өткізу ел Үкіметі басшысының орынбасары Б.Сапарбаевтың қол қойып бекітуімен тапсырылады. Ел Үкіметінің атынан тапсырмадағы тақырыптарды оқысаңыз, еріксіз ұяласыз. Оның бәрі елімізде соңғы 15-20 жылдың ішінде жаттанды тақырыпқа айналған жылтырма сөздер. Мектептің жоғары сыныбының оқушылары кекесінмен талқылайтын мәселені «Үкіметтің тапсырмасы» етіп тарату ұятты да, әрі аянышты тірлік емес пе? Үкіметтің істейтін жұмысы қалмады ма? Әлде бұл сорақылықпен Б.Сапарбаевтың беделін асырамыз дегені ме? Мектептердің кез-келген мұғалімі бұл тақырыптарды қаншама жылдардан бері жілігін шағып, майын сорын қойған. Енді бүкіл Үкіметтің «тапсырмасын» жоғары деңгейде орындау үшін ала тер, қара тер болып сабылады. Сынып жетекшісінің мойнына қанша шығын қосымша артылады.
Мектептердегі сынып жетекшілерінің бір айға асатын еңбек ақысы 4 мың 300 теңге. Ал оның бір айда сынып оқушыларымен өткізетін іс-шаралар ына өз қалтасынан жұмсайтын қаржысы 20 мың теңгенің үстіне шығады.
Ел Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың мектептердегі сынып жетекшілеріне төленетін қосымша жалақы 17 мың теңгеге жеткізілсін деген тапсырмасының орындалуы әзірше елес болып тұр. Бала тәрбиесіне қатысты сынып жетекшілеріне қойылатын талапты, әсіресе, қағазбастылықты күрт азайтып, ата-анаға қойылатын талапты күшейтуді қарастырған жөн. Ата-ана өзінің баласының тәрбиесіне жауапты екенін сезінбей, бәрін мептепке аударып қойғандай күй кешуде. Қазіргі ата-аналар мектептің төбесінде ойнап жүр. Баласының бұзықтығына қатысты мұғалімдерінен бір ескерту есітіп қалам-ау деп қымсынбайды. Кездейсоқ бір оқушы сабақтан келгенінде шешесіне: «Сабақта ойнап Айжанның шашын тартып қалып едім. Оның тәлпіштеніп жылап қалғанына апай маған ұрысты» деп айтып көрсінші. Әлгі баланың шешесі мектепке барып, бүкіл мектептің шаңын қағып қайтсын. Осының бірін көріп-біліп отырып, мұғалімнің мәртебесін көтеретін заң қабылдай салмақпыз. Сынып жетекшілерінің еңбекақысын 30-40 мың теңгеге көтермей, шынайы ықпалы бар тәрбие жұмыстары жүргізілмейді. Ең бастысы қағазбастылықты тоқтатып, мұғалімнің баламен шынайы түсіністік жағдайында жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмысындағы іс-қимыл, еңбегін көрсететін бір-ақ құжат – «сынып жетекшісінің тәрбие жұмысы күнделік» атты 80 беттік журналы болу керек. Мектеп министр келсе де «сынып жетекшісінің жұмыс күнделігінен басқа бірде-бір құжат талап етпеуі керек. Мектеп басшылары да сынып жетекшісінің жұмысы барысын, оның күнделігімен танысу барысында бақылап, ұсыныс-пікірлерін “Күнделік” бетіне жазып қалдыру арқылы атқаруға тиісті.
Дәл қазіргі сынып жетекшілерінің жинап отырған папка-папкасындағы есепсіз тізіліп жазылған жазбалары мен том-том болатын құжаттарынан балаға да, мектепке де, қоғамға да бір тиындық пайда жоқ. Қазіргі күнде аудандық білім бөлімінен бастап министрлікке дейінгі құрылымдарда қызмет істейтін, “жартылай сауатты” сала мамандарының “білгішсінуінен” берілген арнайы тапсырмаларының арқасында мектептің жартысын алып жататын керексіз дүниелер жетерлік. Мектепке жинақталатын құжаттар Үкіметтің нормативтік құжаттарының негізінде, білім министрлігінің қаулы-қарарының және министрдің бұйрығының аясында атқарылуға тиісті болса, бүгінде мектепке тексеруге келген “данышпанның” ойдан шығарылған талаптары мұғалімдерді әуре-сарсаңға салып қоятын болды. Еліміздегі “Білім туралы” заңының талаптарымен үндеспейтін өрескел тірліктерді көргеннің өзінде “былқ” етпейміз. Ұстанымымыз “Біз жақсымыз, біздің тірлігіміз жақсы боладыдан” айнымау. Жақсы болатын шығармыз, сол жақсыға жету үшін де өрескел келеңсіздіктерден құтылу керек шығар-ау. Жоқ, жоқ. Бізде “бәрі жақсы”. Сол “жақсы” еңсемізді тіктетпей отырған жоқ па? Шынайы өмірге бала тәрбиелеуді ұмытқанымыз қашан. Бітіруші сыныптың жетекшісі кездейсоқ бір оқушысына “сен трактордың руліне отырмайсың ба?” деп айтып қалсыншы, ол ұстаздың мектепте мұғалім болып қалуын екіталай етуге барамыз. Бізде қарапайым еңбегімен күнкөріс жасаймын деген оқушы болмайды. Сынып түлектерінің 80-90 пайызы ЖОО бітірудің жолын таңдайды. Оның дені ЖОО бітіріп, диплом алатыны да рас. Бірақ оның дені мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайтыны анық.
Сонда бұл елде кімді-кім алдап жүр? Ел-жұртының тағдыры қолына тапсырылған мемлекетіміздегі билік органының ел тағдырына сергектікпен қарап, даңғазалықты, жанын жалдап өтірік айтуды қойып жұмыс істейтін уақыты болған жоқ па?
Дайындалған заң жобасында атүстілік те, немқұрайдылықтың да байқалатын тұстары жетерлік. Заң адамға қызмет етуге жазылуға тиісті. Ұзақ жылдар қызмет істеген мұғалімдердің зейнеткерлік жасына жетпей-ақ зейнеткерлікке шығу мәселесі жан-жақты қарастырылуы керек-ақ еді. 30 жыл баламен жұмыс істеп, 57-58-ге келген әйелдің 60 жасты күтіп жүруі осы қоғамға керек пе?
Еліміздің білім беру жүйесінде бірыңғай сынып жүктемелері, айлық жалақылары белгіленіп отырғанда жекеменшік мептептердің ноқтасын сыпырып қойдық деген де көңілге қонымсыз. Жүйе сақталып, қосымша жалақы төлеуге баруға болады, өйткені ол мектеп адамдардан жеткілікті ақша жиып алып отыр. Бірақ жекеменшік мектептерде “жұмысымыз жоқ” деп кету көңілге қонымсыз болса керек. Сондай-ақ осы заң жобасында кейбір өзекті мәселелерді шешуді жергілікті органдарға қарай ысыра салуды да өрескелдік дер едік.
Және бір уақыты келсе де ескерілмеген жәйт – мұғалімдердің апталық сағат жүктемесіне өзгеріс енгізудің жолдары қарастырылмаған. Дәл қазір мұғалімдердің бастауыш сыныптағы апталық жүктемелері 18 сағаттан, ал жоғары сыныптарда 15 сағаттан асырылмауы керек еді. Аптаның 5 жұмыс күнінің әр күнінде мұғалім 3 сағаттан беріле жұмыс істесе, соның өзінің де берері аз болмасы анық. Бұл заң жобасына әлі де көптеген толықтырулар жасалынады деген ойдамыз.
Ә.МҰРАТБЕКОВ.