Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар
Кейбір заманның өзінде өмір тынысының өзекті мәселелері туындап, оның жолындағы қиындықтардың жетерліктей болып жататыны да әлімсақтан жұртқа аян. Біздің еліміздің экономикалық дамуындағы жетістіктер, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетудегі қамқорлықтар арта түсуде дегеннің өзінде айтылар әңгіменің таусылмасы анық-ақ. А.Байтұрсынов айтқандай, халықтың үні, тілі һәм құлағы болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдырының осы саладағы орны жаһандану заманының өзінде арта түсуде. Дәл қазір бізде көйлек көк, қарын тоқ. Екі үйдің бірінде жекеменшік машина. 200 шақырым шалғайдағы ауылдардан облыс орталығына келіп, жүздеген елдердің бай-манаптары өткізе алмайтын ағын-төгін той өткіземіз. Құдірет иесінің өз пендесінің тағдырына жазғандай жетіспеушілік, қиыншылықтарды көру сияқты кемшіндіктен тап-тазамыз деп айта алмаспыз. Ең бастысы, еліміздің ішкі саяси тұрақтылығында алыс-жақын елдердің өзіне өнеге етерлік игі істеріміз бар.
Тек ұлы Абайдың «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегенін ұқпай, Жаратушы иеміздің өлшеп берген өмірінің алтын уақыттары босқа өтетіні орны толмас өкініш болып отыр. Алла қазаққа ұлан-ғайыр жерді де, оның асты-үсті толған байлықты да берді. Қазір Жер-Ананың рақатын көру үшін несібесін теріп жейді делінетін дархан даланың төсінде не мал бағатын азамат, не темір тұлпар тізгіндеп егістікті жайқалтып жатқан механизатор-диқанды таппайсың! Жан қинап жұмыс істегіміз келмейтін болдық. Үлкендер түгілі, қазір мектеп оқушыларының өзі жеңіл жолмен оп-оңай ақша табуды армандап өсетін болды. Біздің бұл ұстаныммен алысқа бармасымыз анық-ақ. Сондықтан да біз үшін халыққа рухани азық беру алаулатып-жалаулатып жүрген инновациядан да, индустриядан да жоғары тұруы керек. Елбасының дер кезінде жазған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын баянды ету ғана осы жүкті көтере алатын болса, оның орындаушысы бұқаралық ақпарат құралдары екендігіне ешкім де шүбә келтіре алмайды. Қазақтың данагөй абызы Шерхан Мұртазаның «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны – алтын» дегені руханияттың мәңгілік теориясы болып тұрған жоқ па?
Ойлыларға ой салған жүздесу
Жуырда Шымкент қаласының Абай атындағы кітапханасының ұжымы қаладағы 30-дан астам журналист пен әлеуметтік желі блогерлерінің басын қосып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын өміршең етудегі БАҚ-тың рөлі мен маңызы» тақырыбында мазмұнды іс-шара өткізді.
Қаламгерлердің жүздесу іс-шарасын ашқан кітапхананың бөлім меңгерушісі М.Тұңғышбаева елдің аузында, көптің көзінде жүретін қаламгер қауымы өкілдерінің орнық-ты ойларын ортаға салатынына сенім білдірді.
Келелі әңгіме басталардан бұрын танымал қаламгер, Түркістан облыстық журналистер одағының төрағасы Тұтқабай Фазылбек осы одақтың бір топ жаңа мүшелеріне «Куәлік» билеттерін салтанатты жағдайда тапсырды. Сондай-ақ сөз алған төраға Т.Фазылбек одақтың жаңа мүшелерінің ортақ мақсаттағы істе турашылдықтың туын түсірмей, халық үшін қалтқысыз қызмет ететіндіктеріне сеніммен қарайтынын жасырмады.
Іс-шара барысында алғашқылардың бірі болып сөз алған елімізге танымал журналист Бақтияр Тайжан ұлт құндылығын жандандыратын рухани жаңғыруды баянды етуге қаламгерлердің өлшеусіз еңбектері ғана үлес болатынын ашып айтты. Өз кезегінде ақын, қарымды қаламгер Т.Орманов өз әріптестерінің елімізде жүріп жатқан рухани жаңғыруды өміршең етуге өзіндік үлестерін қосып жүргенін айта келіп, аға буынның ұлағатын көрсетуге басымдық беруіміз керектігін атап өтті. Қаламгер С.Байбосынов өзінің сөзінде ұлт құндылығын насихаттауда ыждағаттылықтың қажеттігін айта келіп, әріптестерін қашан да шындықтың жағында болуға шақырды. Сондай-ақ кездесуде сөйлеген Әсет Әссанди мен жазушы-журналистер М.Әбдіәкімұлы мен З.Қыстаубаев өздерінің салиқалы ой-тұжырымдарын ортаға салды.
Кездесуде қарымды қаламгер “Жанубий Қозоғистон” газетінің бас редакторы Әлішер Сатыбалдиевтың өз ұжымы атынан осы күнгі Қарттар күні құрметіне 70-тен асқан екі бас редакторға сый-сияпат жасауы журналистерді бір сілкінтіп тастады.
Бірлігі бар елдің тірлігі де тындырымды болады
Қалада киелі қалам ұстап, халыққа қызмет істеудің жолында жүрген 33 әріптестің бас қосып, арқа-жарқа ой-пікірлерін ортаға салуға қол жеткізгені көптеген түйткілді мәселелерге қозғау салуға дейін жеткізді десек болады. Олардың бәрінің алаңдайтыны – өңірдегі қаламгерлердің ынтымағы мен бірлігі, қалың елдің көңілін күптегей ететін өресіздікке барып қалмау, елжандылықтың биігінен көрінетін кісілікті мүлтіксіз сақтау сияқты маңызды мәселелер болса, олардың дені ой-пікірлерін ашық айтып, түсіністік жағдайын көрсеткендей болды. Олар соңғы 7-8 жылдың көлемінде пақыр ойлы «көкелердің» ықпалымен журналистерді «элитаға», «өзіміздің ауылдікіне», «екінші сорттыға» бөліп, оларды ырың-жырың етіп жібергенін жасырған жоқ. Шындығында да бұл мәселе бұрында да «Қазақстан жолы» газетінің бетінде жұртты бөлектегіш «данышпандарың» аты-жөні көрсетіліп, сыни тұрғыдан жарияланған да болатын. Соның соңы осы күнге дейін сүйретіліп жеткен болса, бас қосқан журналистер оның түбіріне балта шабуға өздерінің батыл кірісетіндіктерін ашық айтты. Сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде журналистердің еңбегіне әділ баға беру бұрмаланып, «Ақ үй» жақта «көкесі» барлардың басынуға дейін баратыны аз айтылып жүрмегендігін жоққа шығара алмаспыз.
Мемлекетіміз бай. Халыққа әлеуметтік көмек көрсетуде жасалынып жатқан қамқорлық та аз емес. Әттең, жергілікті атқарушы органда «бармақ басты, көз қыстыға» жол беріліп, ауылға тартылған су үйге дейін жетпей қалатыны, салынған құрылыс пен жолдардың сапасыз болып жататынын қалың ел көріп отырғанның өзінде кемшіліктердің түзетілмеуі өкініш тудырады. БАҚ өкілдері осындай мәселелерде табандылық көрсетіп жұмыс істесе, ел игілігіне қосылған үлес болар еді. БАҚ саласында келеңсіздіктермен күрсеуде шындықты ту етіп ұстаумен қатар, оңтайлы сәтті «ұтымды» пайдаланып, жергілікті билік өкілдеріне өктемдік көрсетіп, өз «есептерін» түгелдеп қалуға ұмтылатындардың арада жүретіндігі ащы да болса, ашып айтылды.
Оңтүстікте қазақ тілді журналистиканы дамытудың мол мүкіндігі бола тұра енжарлықтың басымдығы байқалатыны сөз етілді. Бірқатар басылымдарда шығармашылық ізденістердің көріне бермейтіндігі де жанашырлық тұрғыдан айтылып өтті.
Беталдылықтан да, бетпақтықтан да ешкім ұтпайды
Елімізде сөз бостандығы жоқ деп ойлы жандар айтпаған болар еді. БАҚ баршаға ашық, оның бәрін қалың көп көріп біліп отыр. Әсіресе, соңғы уақыттарда әлеуметтік желіге дендеп енген беталдылықтың елге берер пайдасы шамалы болып тұр.
Ел Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың да осы мәселеге назар аударып, мән беруінің өзі талайларға ой салуы тиіс-ақ. Жоғары лауазым иелерінің тырнағының астынан кір тауып, оны әлеуметтік желіге шулатуды бір мәртебе көретін болдық. Бұл болайын деген елдің тірлігі емес. Елімізді титықтатып отырған сыбайлас жемқорлықтың фактісін толық анықтай алдың ба, онда тиісті құзырлы органға хабарла. Қолыңда шындық тұрса, онда табандылықпен күресе біл. Дәл қазір шындықты шыңырауға тастап жіберетіндей ешкімнің «ақ түйесі алтау емес». Орынсыз байбалам салам деп жүріп біреулердің ар-намысына тие қалсаң, онда заң алдында жауап бересің.
Баршамызға таныс «Сарыағаш-информ» газетінің басшысы А.Батырбеков сондай өрескелдікке жол беріп алғаны үшін екі жыл он айды арқалауға барып қалған жоқ па? Оның әлеуметтік парақшасында «уақытша қамау орнында полицияға басымды дуалға ұрып жарамын деп қорқыттым» дегеніне сүйсінудің орнына намыстанатындар көп шығар.
Әлеуметтік желіні пайдаланып «полиция атаулыны бір шыбық-пен айдаймын» деп «геройлығын» көрсетпек болған Руслан Жанпейісовтің тірлігінің соңы не боларын уақыт көрсетеді. Қазірше «залогқа» миллиондаған теңге құйып, орыс тілді блогерлермен баспасөз мәслихатын өткізіп жүрген оның «тап-таза» екендігіне сене аламыз ба?
Басқосуда қаламгерлерге аспандай бермей, артымызда қалың елдің тұрғанын ұмытпау керектігі жеткілікті айтылғандай болды. Әсіресе, олардың «фейсбуктың бетінде» бірін-бірі аймандай етіп жатқандарының ұятты іс екендігі мейлінше ескертілгендей болды.
О.ҚАЛДАСОВ.