АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КӨРМЕСІ ӨТТІ
Үшінші мегаполистегі «Көрме» орталығында «AgriTek Shymkent 2019» халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтті.
Сегізінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық көрменің ашылу салтанатына АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі У.Мозер мен қала әкімі Е.Айтаханов қатысты.
Көрмеде Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Ресей, АҚШ пен Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия мен Өзбекстан елдерінің ауылшаруашылық саласына қажетті 50-ден астам техникалары қойылды.
Аталмыш көрмеде сөз алған Шымкент қаласы әкімі мұндай шаралардың маңыздылығына тоқтала келе:
– Шымкент үшінші мегаполис қала атанғалы қарқынды даму үстінде. Осыған байланысты біз халықтың әл-ауқатын көтеру үшін тиісті жұмыс атқаруымыз керек. Мәселен, Түркістан облысымен бірлесіп азық-түлік белдеуін құру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Одан бөлек, қалада агро-индустриалды аймақ құруды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы халықты сапалы әрі отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жасалынып жатқан жұмыстар»,-деді.
Өз кезегінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі У.Мозер Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласына қарқынды күш салып жатқанын айта отырып, шаруаларды және тиісті мамандарды АҚШ-қа тәжірибе алмасуға шақырды.
Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтары, қосалқы бөлшектер, суару және тыңайту технологиялары, жылыжайлар, тұқымдар мен екпелерді, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдары, мал шаруашылығына арналған технологиялар ұсынылды.
Халықаралық көрмеде отандық және шетелдік компаниялар мен кәсіпорындар қаланың аграрлық саладағы жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, олармен іскерлік байланысты нығайтып, озық технологиялар туралы пайдалы мағлұматтар алды.
Ұ.ӨСКЕН.