РУХАНИ МҮГЕДЕК ҰРПАҚ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

«Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын», -деп жазған екен Бауыржан Момышұлы өз естеліктерінде.

 Одан бері қанша уақыт өтті. Десе де, бұл мәселе әлі күнге дейін өз өзектілігін жойған жоқ, керісінше батыстың былығына қосылып, үдеп келеді.

Адамның ғұмыр-наманасы әлдиден, бесік жырынан, ертегіден басталады. Адамгершілік, елжан-дылық, не жақсы мінездің бәрі-бәрі ананың ақ сүтімен, ана айтқан «әлди бөпемен», ата мен әже етегінде жатып естіген ертегімен бойға дариды. Осындай бал ауызбен ауызданған бала тегінде жаман болмайды.

Сорақысы сол, бүгінде бүкіл қазақ даласын тербеткен «Бесік жылы» айтылмайды. Дұрысы аналарымыз айтпайды. Ертегі айтып жатқан әжені көрмейсің.  «Бесік жырынсыз өскен бала рухани мүгедек» деп бабаларымыз бесік жырының маңыздылығы мен болмысын әу бастан-ақ айтып кеткен. Сондықтан дүниеге жаңа келген сәбидің өмірге деген құштарлығы мен сүйіспеншілігін қалыптастыратын алғашқы қадам ол анасының жан- жүрегімен, назды үнімен шырқаған бесік жыры. Қазір неге Абайлар туылмайды? Кешегі Абайдың бүгінде бүтін бір ұлттың хакіміне айналуына да себепші болған сонау бала күніндегі алғашқы мектеп, яғни ана құрсағынан шыққаннан Ұлжанның тас емшегін жібітіп, дәретсіз емізбеуі мен әжесі Зеренің бала күнінен айтқан ертегі, жыры болатын. Ал Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан кім болды? Өз тұстастарының алды, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызына, халық мақтанышына айналды. Бұдан өзге Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың маңдайалды, біртуар азаматтары да әженің тәрбиесін көрген, әженің алақанынан түлеп ұшқан.

Ал, қазір ше? Бесік жыры айтылмақ түгілі оның не екенін білмейтін буын өсіп келеді. Қоғамдағы кез келген жас отбасы баласы жыласа да, ұйқысы келсе де ютубтағы мультфильмдер мен мен шетелдік әндерді қойып қояды. Той әндерін даңғырлатып қоятын аналарды да көрдік. Масқара! WiFi немесе мобильдік бірлік бітіп қалса, сонда көреді көресіні. Ал, олар – орысша. Қараңыз, енді әже әлдиін естімеген, ертегі тыңдамаған, телефонның құрсауында өскен баланың денсаулығы дұрыс болмайды. Қазақшасы болса да шала-шарпы, психологиясы өте әлсіз ұрпақ рухани мүгедек болмағанда қайтсін?!

“Тал бесікте тербеліп жатқан бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген нақыл бар. Бесік жырының ұрпақ тәрбиесінде маңызы ерекше екенін ұмытпайық.

Бірақ тәрбие – кешіктіруді кешпейтін, қателікке бой алдыруды көтермейтін іс. Ендеше, кеш болмай тұрғанда бала тәрбиесіне жауапкершілікпен мән беріп, ел ертеңінің еңселі болуына бүгіннен атсалысып, бесіктегі тәрбиенің жайын түзейік. Сол бесікті тербетіп, «әлдилеп» ән айтатын, сол әуен арқылы өз ұлтының ұлылығын ұрпақ санасына сіңіретін, тілі мен ділін дарытатын қазақы тәрбиенің бастауы – әже-ана мектебі.

Ұ.ӨСКЕН.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.