БІР СЕРПІЛІСТІҢ БАРЫ АЙҚЫН СЕЗІЛЕДІ
Күні кеше өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің кезекті жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл біздің еліміздің тынысында оң өзгерістерге қадам басуында алғашқы серпілістің барын көрсеткен игі бастама деуге болады. Біз даланың дана демократиясының арқасында әлемге танымал елге айналып, өнегелі істеріміз тарих бетінің таңбасы болып қалды.
«Заманына қарай қасқыр ұлидының» кері ме, кең байтақ даласында түрме салынбаған, есігіне құлып салып көрмеген қазақ елінде есіткен жанның төбе шашы тік тұратын ауыр қылмыстар кәдуілгі тірлігімізде жасала беретін болды. Қабылданған заңдарымыз жұмсақ, тура бір сынып жетекшісінің өз оқушысына «бұзықшылық жасамашы» дегенді жалынышты үнмен ескертіп тұрғанындай. Мыңдаған жылдар бұрын Азияның алып күшінен, алғырлығы мен ойлылығынан есін жиғандай болып, ел болып қалыптасуды үйренгендеріне қарамай, солар бүгінде бізге өнеге бола қалыпты. Еуропа деп аузымызды ашып жүргенде, жөн-жосықсыз еліктеудің әсерінен ауыр қылмыстар үшін қатаң жазалауды босаңсытып жібергенімізді өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ауыр қылмыс жасаудан ешкім сескенбейтін болды. Өйткені, оларға жұмсақтық жасайтын заңдарымыз бар.
Елімізде бір отбасын түгелімен, тіпті бейкүнә 2-3 жасар сәбиіне дейін бауыздап кеткен сұмдықтар қаншама рет жасалынып жатты. Біздің заңымызда адамды қойша бауыздаған қылмыскерді «өлім жазасына» кесуге құқығымыз жоқ екен. Сонда біреу түгілі бірнеше адамды қырып салатын қанышерге «құқықты» кім беріпті? Сәби қызды шырылдатып зорлаған педофильді өлім жазасына кесе алмайтын «құқықты» кім беріпті оған? Осының бәрін өркениеттің көрінісі деп айта аламыз ба? Бір отбасының адамдарын қырып кеткен, автоматтан оқ жаудырып қаншама бозым жасты өлтірген қанышерлер өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесіліп, қыста жылы, жазда салқын жерде жатып, мемлекеттің тегін тамағына тыңқия тойып, телеарна, қала берді кітаптарды ермек етіп, жайбарақат өмір өткізе беруі керек пе? Қандай ауыр қылмыс жасамасын санаулы жылдарда еркіндікке шығып кету біздің сотталғандарға түкке тұрмайды.
Бұл аз болса, мемлекетімізді тонап, бала-шағаның аузындағы нәпақасын ұрлайтын, лауазымын пайдаланып, пара алатын жемқорлар да айыппұл төлеп, түрмеде бір күн отырмай, қалың елдің ортасында алшаң басып жүретін болды. Өз елінің қазынасының миллиардтаған қаржысын талан-таражға салып жібереді де, сол ұрлаған ақшасының миллиондарын мемлекетке қайтарып әкеп тапсырудан елімізде сыбайлас жемқорлық тоқтайды дегенге біздің бес жасар баламыз да сенбейді ғой.
Елімізде ауыр қылмыстардың барлық түрлері үшін жазаны қатайту азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін заң жағынан қорғауға мүмкіндік беретіні тереңнен таразыланып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сөз етіліп кеткен болатын. Бұл біздің еліміздің тынысында бір серпілістің жасалатынын сездіргендей еді.
Соның айқын айғағы, жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында еліміздің кейбір заң актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жобаның талқыланғаны болды.
Осы бір өте өзекті мәселеге орай:
«Бүгін бірінші оқылымда мақұлданған маңызды заң жобасы ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда Үкіметке және Парламентке берген тапсырмаларын орындауды қамтамасыз ететін болады. Жобада есірткі тарату, адам саудасы және жеке тұлғаға қарсы басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайту қарастырылған. Алғаш рет мал ұрлығына қатысты қылмыстық норма енгізілді. Бүгін жалпы отырыста айтылған ауыр қылмыстардың барлық түрлері үшін жазаны қатайту ережелері азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін заң жағынан қорғауға мүмкіндік береді деп сенеміз», — деді Нұрлан Нығматулин.
Осы жерде ұрлыққа қатысты әрекеттер ауыр қылмыс санатына көшетінін және мал ұрлығына баса назар аударылғанын айрықша айтуға болады. Сондай-ақ, учаскелік полиция мен қорықшылардың өміріне қауіп төндіріп, күш қолданғаны үшін, бұл қылмыстар үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылыпты. Осы заң жобасында педофильдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру да ескерілген.
Енді «зорлау» қылмысы бойынша тараптардың келісімге келуіне тыйым салынатын болған. Баланы зорлағандар 20 жылға немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болады.
Бұған дейін орта дәрежедегі қылмыс саналатын «зорлауды» енді бабы ауыр қылмыстар санатына қосу қарастырылыпты.
Тіпті, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынып, жүргізу құқығын айыру мерзімі 8 жылға дейін ұзартылған.
Мемлекеттің халыққа қорған болатынын көрсететін осы бір әділетті жоба сөз етілгеннен кейін кейбір 50 пайыз сауаттылығы бар сарапшылардың «жазаны күшейтумен мәселе шешілмейді» деп «оттағаны» елімізді «басиесіз елдің иті – осырақтың» күйін кешіп жата берсін дегені ме?
Ә.Мұратбеков.