МАҚТААРАЛДА «EGOV MOBILE» ЖАҢА МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ НАСИХАТТАЛДЫ
Мақтаарал ауданында «Egov mobile» жаңа мобильді қосымшасын насихаттау мақсатында арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі мен аудандық ХҚКО бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға әкімдіктің дербес бөлімдерінің, кенттер мен ауылдық округ әкімдіктерінің жауапты мамандары қатысты.
Қазақстандықтар үшін Электрондық үкіметтің жаңа мобильдік қосымшасы қолжетімді болды. Енді ұялы телефон арқылы 50-ден астам электрондық қызмет пен сервисті пайдалануға болады. Жаңа қосымша Қазақстан халқын қолсозым жерде электрондық үкімет порталының ең танымал қызметтерімен қамтамасыз ету үшін құрастырылған.Қосымша Android пен iOS операциялық жүйесіндегі смартфондар үшін қолжетімді.
Мобильді бағдарламада 50 қызмет пен мобильдік жеке кабинетті пайдалануға мүмкіндік бар. Жеке кабинетте әр азамат өзі туралы мемлекеттік деректер қорларында сақталатын дербес мәліметтерін ала алады. Ағымдағы жылдың аяғына қарай мобильдік форматқа тағы 20 жаңа қызметті ауыстыру жоспарланған.
«Мобильдік жеке кабинетте» азаматтың орналасқан жері, тұрғылықты және тіркелген мекен-жайы, заңды тұлға құрамына кіру, некеге тұру, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдардың бар-жоқтығы, сонымен қатар қолда бар жылжымайтын мүлік немесе көлік туралы және т.б. ақпараттар орналасқан. Егер, телефонда электрондық цифрлық қолтаңба бар болса, азаматтар аталған ақпараттарды ала алады. Сонымен қатар, жаңа қосымша тұрғын үйге кезегі мен техникалық қараудан өту мерзімін қарау, лицензиялар мен чектерді тексеру, ХҚКО-на кезекке тұру және дәріханаларды іздеу сияқты сервистерді қолдануға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қосымша көмегімен пайдаланушылар коммуналдық қызметтерді, салықты, айыппұлдарды, баж салығын, байланыс қызметтерін төлей алады және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарды толтыра алады.
«Жаңа қосымша «Мобильдік үкімет» жобасының аясында құрастырылған. eGov.kz қосымшасы мемлекеттік органдардың қызметтерін пайдалануды ыңғайлы және жедел деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Қосымша арқылы Сіз өзіңіз туралы барлық ақпаратты табасыз, керекті анықтамаға тапсырыс бересіз және белгілі бір құжатты ауыстыру қажет болғанда PUSH немесе SMS-хабарлама аласыз» — деді жиында сөз сөйлеген аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрбол Саттаров.
Айта кетейік, бүгінгі семинар-тренингке қатысқан жауапты мамандар өз кезегінде дербес бөлімдердегі, кенттер мен ауылдық округтердегі мемлекеттік қызмет алушыларға аталған мобильді қосымшаны пайдалануды үйрететін болады.