КЕСАРЬ ТІЛІГІНІҢ КЕЛЕШЕККЕ ТИГІЗЕР КЕСІРІ ҚАНДАЙ?

Дүниеге шыр етіп сәби келді деген сүйінші хабар жетісімен-ақ «Өзі босанды ма, әлде жарып алды ма?» деген сауалды қоюға етіміз әбден үйреніп қалыпты. Себебі, қазір толғатқан келінге болысып жарысқазан ұйымдастыратын абысындар да, үйдегі күллі түйіншекті шешіп, жеңгесінің толғағы жеңіл келуін тілейтін қайынсіңлі де, жіліктің мүжік тұсын жерге ұрып «туа ғой, түсе ғой» деп ырым жасайтын әжелер де бұл жоралғыны ұмытып барады.

Кесарь тілігі дегеніміз – нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы шығару. Кесарь тілігі негізіненн ананың денсаулығына, жүктілік және босану кезіндегі ауыртпалықтар, нәрестенің жағдайына байланысты жасалады. Статистикаға сүйенсек, жүкті әйелдердің 15-25 пайызы сәбиін кесарь тілігі арқылы дүниеге әкеледі екен. Ана мен баланың өмірін сақтап қалатын әдіс ананы алдағы ана болар қабілетінен айыруға жасаған бір қадам болып жүрмей ме? Табиғи жолмен босанудан гөрі он есе қауіпті саналатын осы әдістің қайтсек алдын аламыз? Мұндай хирургиялық әдіс – әйелдің қалауы ма, әлде дәрігерлердің шешімі ме?

Соңғы уақытта жас аналардың бірінші баласында-ақ пышаққа түсіп, жасанды жолмен баласын бауырына алуы көбейе түскен. Ал біріншісінен кейін қалған балаларын табиғи жолмен босануы ілеуде біреу ғана. Елімізде тамырын жайған бұл медициналық отаның себебін іздеп көрелік.

Мамандардың айтуынша, жас аналар да кесарь тілігін жасата салу босанудың оңай жолы деп қателесіп жататын көрінеді. Тек ұйықтап тұрасың, ал сәби болса жаныңда деген сөз құлақтарына жағымды естіледі. Толғақтан қорыққан аналар «кесарь тілігін жасаңызшы» дегенді жиі айтатын көрінеді. Жасанды жолмен босандырудың кесірін білмей, байыбына бара алмағандықтан, осындай қателікке бой алдырады. Десек те, кесарь тілігінің ананың ағзасына орасан зор зияны бар екендігін білгеніміз жөн. «Кесерево» кесе беру емес. Оның үстіне, кесарь тілігі арқылы босанған аналардың 3 баладан артық тууға мүмкіндігі бола бермейді. Кесарь отасын жасау ана мен бала өмірін құтқарудың ақырғы амалы деп танылса, бұл жағдаймен өмірге бала әкелу табиғи жағдайда босанудан он есе қауіпті. Дана қазақтың «Жүкті әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» деп қатты айтуы да осыдан болса керек.

Кесарь тілігінің қоғамның қажет етуінің басты себебі – ананың дұрыс күтінбеуі. Дұрыс тамақтанбау, стресс, сонымен қатар қозғалыстың аздығынан бала салмағының артуы айрықша әсер етеді. Сонымен қатар, кейбір ақпарат көздері дәрігерлер үстемақы алу үшін ота жасайды дегенді де айтып жүр.

Қалай десек те, талай нәубеттi бастан кешiрген халқымыздың осы күнге аман-есен жетуi он-он бестен бала тапқан алтын құрсақты аналардың арқасы. Ал, Батыр аналардың азаюына кесарь тiлiгi кесiрiн тигiзiп жүрмегенiне кiм кепiл? Жас аналарымыз да кесарь тілігі соңғы шешім емес екендігін білгендері жөн. Себебі, білікті маман Саулен Ғабиденұлы баланы босандыруда массаж жасау және ананы қараңғы бөлмеде босандыру секілді варианттардың барлығын айта келіп, қазір мұндай тәсілді қолданбайтындығын алға тартты. Теріні кесудің екі түрі бар: кіндік пен шат арасын тік кесу және шаттан 3 см жоғарғы көлденең кесу. Оңай емес! Кімді жазғырамыз? Өз-өзін күтіп, ана болуға алдын ала дайындық жасамаған әйел баласын ба, жоқ әлде ел-жұрт «қит етсе кесуге даяр тұрады» деп баға берген ақ халатты абзал жандарды ма? Біз не десек те, таяқтың екі ұшы болатыны әмбеге аян.

Ұ.Өскен.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.