ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚР ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТІЛДІ
ҚР Тәуелсіздігіне 28 жыл толуына орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Рәміздер алаңында» мемлекеттік Туды салтанатты ұлықтау рәсімін өткізді. Салтанатты шараға ұласқан мерекелік кеште сарбаздардың сап түзеуімен Мемлекеттік Ту орнатылып, Әнұран орындалды. Кешті өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер, барлық саланың мамандары, еңбек азаматтары тамашалады. Алғы сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы барша халықты еліміздегі ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Тәуелсіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстандықтардың ең қастерлі құндылығы. Міне, біз бүгін еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнін 28-рет тойлап отырмыз. Осы жылдар ішінде еліміз қарқынды даму жолына түсіп, бәсекеге қабілетті мемлекетке айналды. Экономикалық, әлеуметтік салаларда табысқа жетіп, дамыған еңселі елдер қатарындағы өз орнымызды айшықтап алдық. Біз осы жетістіктердің барлығына бірлік пен бейбіт өмірдің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан ел егемендігін алған күн баршамыз үшін және әлемнің әр қиырындағы қандастарымыз үшінде ұлы мереке. Осы асыл қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтап, бірлікті ту етіп, елімізді дамыған мемлекетке айналдыру жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Ынтымағымыздың іргесі сөгілмей, мәңгілік ел болайық», – деген Өмірзақ Естайұлы қасиетті Түркістанның бүкіл түркі әлемінің мақтанышы екендігін атап өтті.
«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, рухани шаһарға облыс орталығы мәртебесінің берілуде Тәуелсіздіктің бір жемісі. Жарлықтың жарияланғанына бір жылдан аса уақыт өтсе де Түркістан қаласы ажарланып келеді. Қала келбетіне көрік қосатын ғимараттардың алғашқылары пайдалануға беріліп өз жұмысын бастады. Бұл Елбасының Түркістан облысына, оның орталығы Түркістанға деген ықыласының ерекше екендігін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев тарапынан да қалаға маңызды қолдау көрсетіліп жатыр. Түрлі тарих толқындарынан аман өткен Түркістан қаласы еліміздің тәуелсіздігімен бірге жасап, жыл сайын көркейіп келеді. Енді біздің алдымызда Түркістанның туристік рухани және мәдени әлеуетін арттыру міндеті тұр. Биыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы болды. Түркістанның қайта түлеуі мен дамуындағы кезекті белеске айналды. Бабаларымыздың асқақ рухы сақталған киелі Түркістан Тәуелсіздігімізбен бірге мәңгі жасай берсін, ағайын!» – деді облыс әкімі.
Мерекелік шарада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін жүзге жуық азаматқа мемлекеттік марапаттар табыстады.
Атап айтар болсақ, «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені мен «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалі және ҚР Құрмет грамотасы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, «Nur Otan» партиясының белсенді қызметі үшін төсбелгісі табысталды.
Сондай-ақ, салтанатты жиында облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Жанубий қозоғистон» газеттерінің бас редакторлары мен бірінші орынбасарларына Түркістан қаласынан жаңа пәтер кілттері берілді.