ЕЛ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ БӘРІНЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ

Бүгінде өңірімізде әлеуметтің әлеуетін көтеруге, аудан, ауылдарды дамытуға баса назар аударылуда. Өңір басшысы да аймақтарға жасаған сапарында тұрғындардың түйткілді мәселелерінің шешілуіне ықпал етіп, шағын және орта бизнеске де мемлекеттік көмектің тоқтамайтындығын жеткізуде.

Айталық аймақ басшысы Төлеби ауданына ат басын бұрғанда ең алдымен елді-мекендерді ауызсу мен газбен қамтамасыз ету мәселесін тексеріп, аудан орталығындағы көгалдандыру, ағаш көшеттерін отырғызу секілді жұмыстардың да дұрыс жүргізілгенін атап көрсетті. Сондай-ақ облыс әкімі бастаған жұмыс тобы Көксәйек ауылдық округіндегі «Keremet agro Group» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысшыларымен жүздесті. 40 гектар жерде 100 мың түп алма ағашын отырғызып, алғашқы өнімін алып та үлгерген шаруашылық жаңа технологияларды ендіруді, сол арқылы өнім көлемін мейлінше арттыруды мақсат етіп отыр.

20 жылдан бері нарықта тұрақты орын алған «ФудМастер-Шымкент» ЖШС-да тәулігіне 58 тоннаға жуық айран, сүт, қаймақ өнімдерінің 100-ден астам түрін шығарылады. Оның жартысына жуығы шетелге экспортқа шығарылады. Аймақ басшысы бұл кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс көп екенін де қаперге салып жұмысты жандандыра түсуді тапсырды.

Ал өңір басшысы Ордабасы ауданында егіншілікті кәсіп еткен «Ақ-Орда-Б» ЖШС голландиялық картоп егіп пайда көрген кәсіпкердің өнімдерін көріп шықты. Облыс әкімі бұдан кейін 130 гектар жерде жаңа технологиямен, сусыз қарбыз өсірген мамандардың жұмысымен де танысты. Кәсіп иелеріне еңбекпен келген дүниені ысырапсыз жинап алуды тапсырып, отандық өнімнің насихатының әлі де болса өз деңгейінде емес екенін ескерте кетті. Жалпы, ауданда ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында 18 бағыт бойынша 46 жобаны іске асыру көзделген. Жаңа өндіріс орындаушы қатарына «STANDARD PETROLEUM & CO» ЖШС-нің мұнай-химия зауытын жатқызуға болады. Жаңадан бой көтеріп жатқан комбинаттың жобалаушы компаниясы – Ресейлік «ЭТН-Циклон» ғылыми өндірістік бірлестігі. Зауытта АИ-92 және АИ-95 маркілі бензин, дизель жанармайы, сұйықталған газ бен кокс шығарылатын болады. Жылына 2 миллион тонна шикізат өңдейтін өндіріс орнының құрылысы 2021 жылы аяқталуы тиіс.

Сонымен қатар Өмірзақ Естайұлы Мақтаарал ауданындағы «Отан Ана» шаруа қожалығының дала жұмыстарымен танысты. Мұндағы диқандар жоңышқа, дәнді жүгері, қарбыз және басқа да көкөністерді егумен айналысады. Достық ауылында орналасқан шаруа қожалығы 73,9 гектар алқапта тамшылатып суару әдісін тиімді пайдалануда. Соның арқасында, табыс көлемі де артып келеді. Алдағы уақытта, шаруалар жылына 3 рет өнім жинауды жоспарлауда. Жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемі тамызда 8028 млн. теңгені құрады. Облыс басшысы сондай-ақ абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Мырзакент кентіндегі орталық саябақта болып, Даңқ гүлзарындағы қайта жаңғырту жұмыстарын да көрді.

Бұдан кейін аймақ басшысы шитті мақтаны тасымалдауға арналған «2ПТСХ-10-45» модельді трактор тіркемесінің өндірісінде болды. Өндіріс орны автотұрақ, әкімшілік ғимараты, таразы және қойма, техникалық қызмет көрсету орталығы мен қосалқы бөлшектер қоймасымен жабдықталған.

Ал аймақ басшысы Шардарадағы іссапарын Жаушықұм ауылдық округіндегі бақша өнімдерін өсіретін «Тұрар» шаруа қожалығын көруден бастап, Шардара қаласындағы «Шардара» №18 ГЖС-дан тартылатын жоғары қысымды газ құбырын және «Өтеғұл» ықшамауданында орамішілік орта қысымды газ құбырын салу жұмыстарымен де танысты. Жоспар бойынша, ауданда 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін 80 мыңға жуық халық саны бар 22 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл тұрғындардың 99,45 пайызын құрайды. Облыс басшысы мұнан соң «Шардара Армспорт» спорт клубына атбасын бұрып, дүниежүзілік додаларда топ жарған  спортшылармен кездесті. Әлем чемпиондары аллеясының және таэквондо, каратэ, жеңіл атлетика залдарының ашылу салтанатына қатысып, аталған аллеяға алғашқы ағашты отырғызды. Сапар соңында облыс әкімі аудан орталығындағы индустриялық аймақта орналасқан «Ай-қажы Ақ-Алтын» ЖШС мақта өңдеу зауытының жұмысымен де танысып болашақта кәсіпорынды кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, мақтаны терең өңдеу жұмыстарын қолға алу керектігін айтты.

Ал Кентау қаласында өткен семинар — кеңесте 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасының кірпіші қойылды. Аталмыш цех Кентау қаласы Шаға ауылында 2020 жылы іске асады. Жобаның құны 3 652,6 млн. теңге болса, тұрақты жұмыс орнына 100 адам қабылданбақ. Мұнда жылына 4500 тонна экстра класты сүт өндіру қолға алынады. Семинар-кеңесте сөз алған облыс әкімі Ө.Шөкеев “Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында өңірде аграрлық салаға үлкен басымдылық беріліп отырғандығын атап көрсетіп: “Түркістан жасыл желекті қала болған, соны қалпына келтіруіміз керек. Сондай-ақ демалыс аймақтарын көптеп салуымыз қажет», -деді.Республикалық семинар-кеңесте жаңа технологияларды қолданып, бүгінде мол өнім алған шаруалар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Яғни ауыл-аймақтың әлеуетін көтеруді, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуын облыс басшысы өз бақылауына алып отыр десек те болады.  Осы мақсатта облыста «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру көзделуде.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» жобасы облыста қарқынды жүзеге асуда. Биыл Түркістан облысында 7 елдімекеннің мәселесін шешуге 4 млрд. теңге бағытталды. Нәтижесінде, 112,8 шақырым жол төселіп, 7 білім, 1 спорт және 5 мәдениет нысандары жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ, жоба аясында 2020 жылға 15 елді мекенде 114 жобаны іске асыруға 4,8 млрд.теңге бағыттау жоспарлануда», — деді облыс әкімі.

Ал «Дипломмен – ауылға!» жо-басы аясында биыл 1 729 маманға біржолғы көтерме жәрдемақыға жалпы 307 млн-нан астам теңге бағытталса, жоба бойынша тұрғын үй сатып алу, немесе салу үшін бюджеттік кредиттер беруге 3,8 млрд. теңге жоспарланып, нәтижесінде 356 маман баспаналы болмақ.

Түлкібас ауданында болғанында өңір басшысы бірқатар өндіріс орындарын аралады. Аймақ басшысы «Састөбе технолоджис» ЖШС-да болып, жылына 500 мың тонна цемент пен 105 тонна әк өндіретін жұмысшылармен пікірлесті. Кәсіпорын басшылары облыс әкімін алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырып, бірқатар мәселелерін жеткізді. Осы сапарында: «Түркістан облысының аумағындағы 4 мың шақырым жолдың жалпы жұмыс картасын жасақтаңыздар. Қанша жолдың толық аяқталғанын, алда қаншасы қалғаны нақты бекітілсін. Алдағы уақытта Түлкібас ауданындағы тау шатқалдарына апаратын, халық көп жүретін барлық жолдар толық жөндеуден өтуі керек» , — деген аймақ басшысы Азаттық ауылында орналасқан «Майлыкент сүт» цехын да назардан тыс қалдырмады. «Бизнестін жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ашылған нысанда тәулігіне 5 тонна әртүрлі сүт өнімдері өндіріледі.

Ал Сайрам ауданына жасаған іссапарында ол Жібек жолы ауылдық округіндегі «Төменгі Аққала» каналында жүргізіліп жатқан механикалық тазалау жұмыстарын көріп, онан соң арнайы формалар, әскери киімдер мен төсек орындар тігілетін «АХБК» тігін фабрикасында болды, «K.A.Z.TEL» ЖШС-ның кабель шығаратын өндіріс орнына да барды. Кәсіпорын жылына 7200 шақырымға дейін өнім шығарады. Дайын өнім ішкі нарықты қамтып, көршілес Қырғызстанға да жөнетіледі. Өңірдегі экпортты арттыру керектігін тілге тиек еткен облыс әкімі экономикамызды өрге сүйреп жүрген өндіріс орындарының қуаттылығын арттыру да назарға алынатынын айтты.

Былайша айтқанда, қазіргі таңда өңір басшылығының қолдауымен, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын көтеруге баса мән беріліп келеді. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы «Түркістан агро» инвестициялық жобасы аясында облыста егісті алқапты жаңбырлатып суаруға мүмкіндік беретін машина трактор станциясының құрылуы да осының айғағы. Осы мақсатта АҚШ-тан 18 бірлік суару машинасы және 27 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынып, жалпы құны 1,5 млрд. теңгеге жуық қыруар жұмыс «Қазагрофинанс» АҚ-ның тарапынан лизингілік шарт негізінде несиелендірілді. Жаңа суару әдісінің арқасында  диқандардың өз күштерімен игере алмай жүрген бос жатқан жерлері тиімді пайдаланылатын болады. Жаңбырлатып суару әдісі болашақта киелі Түркістан өлкесінің көгалданды-рылуымен жаңа микроклиматтың қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Әзірге бұл жұмыс түрі облыс орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан Шаға ауылынан бастау алмақ. Бүгінгі таңда бөлінген 200 гектар жердің тең жартысынан астамы жыртылып, өңделген. Дәнді-дақылдардың ұрығын жеткізуді “Қазақ егіншілік және Өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС жүзеге асыруға дайын. Өйткені ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайғалы отырған машина станциясының тиімді тұстары көп.

Бұл салаға шетелдік инвестиция көзін тарту да көзделген. Облыс басшысы израилдік инвесторлармен және «BS-Agro Produst» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесуде тәлім егістікте суды қажет етпейтін бақша дақылын егу мәселесі талқыланған болатын. Қазақстандық «BS-Agro Produst» компания басшылары мен құрылтайшылары және Израиль елінен келген инвесторлар өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және әріптестік танытуға мүдделі. Ал суды қажет етпейтін бақша дақылын егуді Ордабасы ауданы, Тоқсансай ауылында жүзеге асыру тиімді ұқсайды. Шетелдік инвесторлар бұл салада өз үлестерін қосатындығын, әріптестік танытуға дайын екендігін жеткізді. Бүгінде «BS-Agro Produst»ЖШС 130 гектар жерге жаңа технологиямен суғарусыз әдісі арқылы қарбыз егумен айналысуда. Олар қарқынды жобаны 2020 жылы қосымша 700 гектар жерде іске асыруды көздеп отыр. Шаруа қожалығы сонымен қатар қарбыз, гүл, жүгері, ноқат егумен айналысады. Кәсіпорын 2013 жылдың қараша айында іске қосылған. Биыл олар 130 гектар жерге қарбыз егіп, жалпы көлемі 40 тонна қарбыз дәнін жинап алуды жоспарлап отыр. Дәл осы тәсілмен егілген қарбыздың дәні шетелдік косметология саласында үлкен сұранысқа ие. Демек, бұл өндіріс орнының болашағы зор.

Түркістан қаласының маңында диқандар егістікті АҚШ-тан әкелінген арнайы техника арқылы жаңбырлатып суара бастады. Осы бастама арқылы өнім түсімі екі-төрт есеге дейін арттыруға болатын сияқты.

2018 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи шешіміне сәйкес, Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітіліп, «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» қабылданғаны белгілі. Осы жоспарға сәйкес облыс аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады.

Кешенді жоспар аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында 11 мың га алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр.

Биыл жыл басында «Түркістан Агро ХХI» ЖШС-ның бастамасымен 131 шаруа қожалығы бірігіп, нәтижесінде «Ынтымақ – 2019» кооперативі құрылды. Бүгінде аталған кооперативтің 733 га алқабына 18 бірлік жаңбырлатып суғару технологиясы машинасын орнату жоспарланған. Жобаның құны – 500 млн. теңге. АҚШ-тың

«T-L» маркалы технологиясын елімізге Нидерландының «APH Group B.V.» компаниясы жеткізген. Сондай-ақ мұнда 600 млн. теңгеге «МТС құру» жобасы іске асырылуда. Ал қала маңында 4 бірлік жаңбырлатып суару машинасы орнатылған.

Қазір бұл алқапқа күздік бидай егіліп жатыр. Жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Мысалы бидайдан орташа өнімділік гектарына 15-20 центнер болса, технология арқылы ол 40-45 центнерге жетпек. Дәндік жүгеріден әр гектардан 48,5 центнер алынса, жаңа технология арқылы өнім түсімін 115-130 центнерге дейін жеткізуге болады. Жалпы, келесі жылы Түркістан қаласының айналасындағы алқаптарда жаңбырлатып суару әдісі енгізіледі. Осы арқылы азық-түлік белдеуі қалыптасып, елдің әлеуметтік жағдайы көтеріліп қана қоймай, қаланың экологиялық ахуалы да жақсара түспек.

Бүгінгі таңда азық-түлік белдеуі аумағында «Түркістан Агро ХХI» ЖШС “1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы» жобасын іске асыруда. Бұдан бөлек «SPK-SAURAN» АШӨК («Сити Строй»ЖШС) «10 000 бас ІҚМ бордақылау кешені» жобасын іске асыру жұмыстарын бастады. Сондай ақ «SPK-SAURAN» АШӨК «1 мың гектар алқапта жаңбырлатын суару жүйесін орнату» жобасын қолға алды. Қазір онда «Valmont Industries» компаниясынан 3 жаңбырлатқыш машиналары жеткізілген.

Бұдан бөлек, жылына қуаттылығы 20 мың.тн. етті бағыттағы құс фабрикасы («Стандарт ойл»ЖШС), 500 га заманауи жылыжай кешені (YDA INSAAT түрік компаниясы), «Жылына 2,5 мың тн. түйе сүтін қайта өңдеу кешені» жобалары дайындалуда.

Азық-түлік белдеуін қа-лыптастыру жобалары Түркістан қаласы аумағынан радиусы 15 шақырым аумақта интенсивті технологияларды қолдана отырып, ғалымдардың сүйемелдеуімен жүзеге асырылып жатыр.

Кешенді жоспар бойынша жалпы 70 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде жыл сайын қосымша 30 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады деген сенім бар.

Яғни баянды бастамалардың жемісін көретін сәт таяу.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.