«ТАРТ ҚОЛЫҢДЫ МЕКТЕПТЕН!» НЕМЕСЕ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРДЫ ТҮРМЕГЕ АПАРЫП «МАЗАҚ» ЕТКЕНІМІЗ БЕ?
Күні кеше Шымкент қаласындағы 60-қа жуық мектептің директорлары ИЧ – 167/11 мекемесінде, яғни қаладағы түрмеде болып, сотталғандардың тұрмыстық жағдайымен таныстырылды. Бұл Шымкенттегі сайқымазақ тірлік республикалық телеарналардан көрсетілді.
Мұны көрген көптеген шымкенттіктердің намыстан жарылардай болғанына шүбәміз жоқ.
Осы «анекдотский» шараны ұйымдастырған басшылар Шымкенттің халқын Африканың түкпіріндегі құла түзде жүрген сауатсыз негрге есептегені ме?
Халықтың назарына алынатын тірлікте ойлылық пен байыптылық байқалмады. Көп – көреген, көп – сыншы. Көзбояшылық істерді қазір қарапайым жұртшылық түгілі, оның бес жасар баласы да біліп отырады. Сөйте тұра, ұстаздардың ұстазын түрмеге сүйреп жүргендер өз істеріне ақталмақ болыпты. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласының департаментінің басқарма басшысы: «Профилактика осындай қылмыстық жемқорлықтың алдын алу мақсатында, сондай фактілерді жіберген жағдайда осындай шаралардың да күтетін мүмкіндігін көрсеткіміз кеп отырды. Бізде жалпы сыбайлас жемқорлықпен 58 факті тіркелді департаментте, оның ішінде білім саласында 4 факті болды. Қазір ол мәселе бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізілуде»,-деп уәж айтқан болыпты.
Мектеп басшыларын жаңа жыл қарсаңында ата-аналардан сый-сияпат алмауды сақтандырғаны осы болса, демек, 8 наурыз мерекесінде, Наурыз мерекесінде, Соңғы қоңырауда, Білім күнінде, Мұғалімдер күні қарсаңында, яғни жылына 5-6 рет мектеп басшылары, тіпті бастауыш сынып мұғалімдеріне дейін ұстаз атаулы түрменің есігін тоздыратын болғаны ма?!
Біз осы қарапайым халықты қара тобырға есептеуді қашан қоямыз? Мектеп басшыларына түрмені көрсетіп, сыбайлас жемқорлықпен күресті насихаттадық дегеніміз күлкілі емес пе?! Тіпті «Шымкент – адалдықтың алаңы» деген жарияланымның өзі нанымсыз ғой. 1 мил-лионнан астам тұрғыны бар ірі қаланы адалдық алаңы етеміз деу ойға сыйымды ма? Билік өз ертегісімен халықты ез етіп жіберген жоқ па?! Бүгінде қайда кетті, кешегі республикаға танылған Шымкенттің идеологиялық жұмыстары? Кеше «ұлттың ұйытқысы» деп айтылатын, іскерліктің көрінісі делінетін өнегелі істері қайда? Естіген жұртқа мазақ болатын келеңсіздіктер көбейіп келеді.
Бір кездері мемлекеттік қызметкерлердің кеудесіне «Мен пара алмаймын!» деген жазуды елге жариялап, күлкі болдық. Әдеп қайда, кісілік қайда? «Мен енді бұзықтық жасамаймын» деген оқушыны елестеткен бұл не қылған насихат жұмысы? Енді келіп түрмеге экскурсияға баруды шығардық. Соңғы уақытта оңтүстіктің алғыр ойлы адамдарын құрмет тұтып, қызыға қарайтын отандастарымыз мазаққа айналған Шымкентті көріп аң-таң болып жүрген шығар. Оңтүстіктің қойдан жуас, әрі еңбекқор, іскер жұртын қорлағандай ету бел ала бастады. Өңірдің өзгелерге өнеге болған идеологиясы Д.Мыңбай, Ә.Бектаев, Ұ.Сәдібеков, Б.Жалмырзаевтармен бірге кетті.
Кешегі арыстандай айбарлы, «Оңтүстігім» дегенде шығарда жаны бөлек, намысты, абыз ақсақал Төлепбек Назарбековтей ел перзенті де көзден ұшты. «Мынау менің туған жерім, Ата-жұртым» деп қасқайып сөйлер қариялардың орнын «жарапазаншылар» басты. Солай болған соң, еріккен сарт есіне түскен ессіздігін жасамағанда не қылсын?! Түрмені көріп мектеп директорлары тәрбиеленеді дегенді Шымкент қаласы әкімі орынбасары Қ.Нұртай, қалалық ішкі саясат және Дін істері басқармасының басшысы Ж.Бектаева, қалалық білім басқармасы басшысы міндетін атқарушы Б.Нарбекова қандай ойлылығымен, тереңдігімен шешті екен?! Осыдан кейін Шымкент қаласында идеологиялық жұмыс бар деп кім айта алады?
Мемлекет басшысы мұғалімдерді қосалқы жұмыстан құтқарып, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп жатқанда, Шымкентте мұғалімдерді жайлап құрсаудан босатпаудың «тышқанға эксперимент» жасағандай әдісі сақталған сияқты. Сонда шынымен «Не шықса да, Шымкенттен шығады» дегеннің рас болғаны ма?
Қазір Шымкентте мектептерге кім қожайын емес?! Әкімдікті қойғанда, партияның филиалдары, оның бөлімдері, қаншама қоғамдық ұйымдарға дейін үстемдік жасағысы келеді. Ал, ата-ана ғой, тіпті белсенділікпен мектепке тиісуді шығарған. Жөн айтар, ара түсер адам жоқ. Мектептердегі қамқоршылық кеңестерінен қолдау көреміз бе деген ұстаздар үміті ақталмай отыр. Еріккен біреу
әлеуметтік желіге долбар мен сандырағын жаза салса, аттана шауып «Гороно» шығады. Мектептерге халықты қолдаудың өте керектігін біле тұрсақ та, мән берер емеспіз.
Алғыр оқушылар «Біздің директор түрмені көріп келді», «Біздің ағай барар жерін дайындап келді» деген жел сөзді айтып күлмесіне кім кепіл?! Ұстаздардың ұстазы түрмеде болғаннан кейін осы орынсыз тірлік болды деп айтқан ойлы жанның үні естілмеді. Халық аузына қарайтын зиялы қауымның бірлі-жарым өкілдері болса, темір-терсек, «значок»таққанына мәз болып өзімен-өзі жүр. Өте өрескел келеңсіз тірлікке қатысты намыстың сөзін айтуға шамалары келмей отыр. Қала әкімдігі, осы мәселеге қатысты тиісті басқармалар қала мұғалімдерінен кешірім сұрайды деп ойлаймын.
Ә.Мұратбеков.