КӘСІБІ БАРДЫҢ НӘСІБІ БАР

Өңірімізде кәсіпкерлік кең құлаш алып, өркендеп келеді. Бүгінде оңтүстіктен елге белгілі ірі кәсіпкерлер де көптеп шығуда. Солардың бірі – Болатбек Әлиев. Таяуда ғана еліміздің үздік тауар өндірушісі атанған кәсіпкер «Dala fruit.kz», «Dala construction.kz», «Dala Trans.kz» компанияларының басшысы. Қазіргі таңда бұл компаниялар отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, алма және шырын өндірісін, сондай-ақ сапалы темір бетондар өндірісін өркендетіп отыр.

Ал Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында «Асыл тұқымды шаруашылық, Ордабасы ешкі сүті өнімдері» АӨК аймағында инвестициялық құны 1 млрд. 200 млн. теңгені құраған тауарлы-сүт фермасының құрылысы үш кезең бойынша жүргізілді. Жеңіс Тоғызақбаевтың айтуынша, сүтті бағыттағы асыл тұқымды «Заа­нен» ешкілері Голландиядан әкелінген фермада 40 адам тұрақты жұмыс істеп келеді. Заманауи технологиямен жабдықталған, 96 ешкі сауа алатын роботтар орнатылған ферма тәулігіне 5 тонна сүт өндіріп, 50 тонна сүт өңдей алады.

Сондай-ақ Отырар ауда-нында биылғы 10 айда ауыл шаруашылығынан түскен табыс 18,3 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстыра қарағанда 3,9 млрд. теңгеге өскен.

Жалпы, жоспарға сай өнім көлемін 21,7 млрд. теңгеге жеткізу межеленсе, ол артығымен орындалмақ. Яғни ауыл шаруашылығына 1,5 млрд. теңге инвестиция жұмсалса, жылдың соңына дейін қосымша тағы 5 млрд. теңгенің инвестициясы тартылуы керек. Одан тыс биыл жоспарда белгіленген 30 900 гектардан бөлек 33106,8 гектарға  егін егіліп, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 6 пайыз жеңілдікпен 65 шаруашылыққа 134,4 млн. теңге қарастырылды. Сондай-ақ, 42 шаруашылықтың тұзданған 500 гектар жерін құнарландыру жұмыстары жүргізіліп, егістік жердің құнарлылығын арттыру жемісті жүруде. Аймақта алдағы жылы 31046 гектар жерге егін егу және бір жылда 2-3 реттен өнім алу тәжірибесін қолдану жоспарға енді.

Сонымен бірге, биылғы 10 айда суармалы жер көлемі 1504 гектарға ұлғайтылып, 2,03 гектарға жылыжай салынды, тамшылатып суару әдісін енгізу 708 гектарға жеткізіліп, жүзім шаруашылығында егіс көлемі 51 гектарға артты, 57 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Мал шаруашылығы туралы айтсақ, ауданда биылғы 10 айда 46913 мүйізді ірі қара, 334164 уақ мал, 15335 жылқы және 7074 түйе есепке алынды. Мәселен, «Қамбар» шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы алынған 650 млн. теңге несиеге 1535 мүйізді ірі қара сатып алуды көздеуде, яғни ет экспорттау жұмыстарында жаңа серпін байқалады. Иран еліне 65 тонна ірі қара мал еті, Біріккен Араб Әмірліктеріне 41 тонна қой еті жөнелтілсе, он ай көлемінде 7,6 мың тонна ет, 20,8 мың тонна сүт, 5,9 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында биылға 25 жоба іріктелініп алынса, соның әзірге 15-і жүзеге асырылып, нәтижесінде 44 жаңа жұмыс орны ашылды, Мақтаарал ауданында да 150-ге жуық мал бордақылау алаңы жұмыс жүргізіп жатыр. Т.Сырайлов басқаратын «Құдайберген» шаруа қожалығы да жылды табысты аяқтауда. 120 млн. теңге жұмсалған ферма 2,5 гектар аймақты алып жатыр. Мұнда 400 малға арналған қора-жай, жемшөп сақтайтын қойманың құрылысы аяқталған. Жеке кәсіпкер болашақта мал басын көбейтіп, ет өнімін экспортқа шығаруды мақсат етуде.

Бүгінде ол мемлекет қолдауының арқасында «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мал бордақылау алаңына 29,4 миллион теңге несие алып, жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек Т.Сырайлов «Озат мал бордақылаушы» атанып, 10 айдың қорытындысы бойынша 31,5 тонна ет өндіруге қол жеткізді.

Келес аймағында өңір диқандары ауыл шаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге иек артуда. Өйткені диқандарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек жеткілікті. Соңғы жылдары келестік шаруалар жылына 2-3 рет өнім алуға да шындап бет бұра бастады. Диқандарға қолайлы болу үшін шаруашылықта техникалар базасын құру да қолға алынып, аймақта 30 шақты шаруа аталған жобаны сәтті жүзеге асырып жатыр.

Ауданда бірінші егістікте 4275 тонна өнім алынып, диқандар 405,6 млн. теңге пайда көрді. Сондай-ақ жаңадан 12 гектарға жылыжай салынып, ауданда биыл жылыжайлардан 6195,4 тонна өнім жиналды. Еліміздегі ең үлкен жылыжайдың да осы ауданнан салынғалы жатқаны белгілі. «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС Бірлік ауылдық округі аумағынан 500 гектар жер учаскесіне  инвестор есебінен жалпы құны 1,1 млрд. долларды құрайтын өнеркәсіптік жылыжай кешені құрылысын қолға алып та қойды. Аталаған жоба іске асса, 10 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Өңірімізде бүгінде индустриялық аймақтар саны да артып келеді. Түркістан облысы аумағында да мұндай жаңадан ашылған аймақтар көп. «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС бас директоры Т.Қыдырбаев бүгінгі таңда облыста 9 индустриялық аймақ бар болса, барлық аудан, қалаларды қосқанда оның жалпы аумағы 445 гектарға жетіп қалатынын айтады.

Жалпы Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Шардара, Түлкібас, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарындағы 7 индустриялық аймақтың инфрақұрылымы жасалған болса, Бәйдібек және Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриялық аймағында инфрақұрылым жүргізіліп жатыр.

Өңіріміздегі индустриялық аймақтарда 40,9 млрд. теңге болатын 58 жоба жүзеге асуы керек. Сонда 3644 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Жалпы барлық индустриялық аймақтың инженерлік инфрақұрылымына қазынадан 7,2 млрд. теңге бөлініп отыр.

Мәселен 2013 жылы құрылған «Түркістан» индустриялық аймағы алғашында 40 гектар болса, кейіннен 110 гектарға кеңейді. Мұнда 20 жоба жүзеге асып, 1091 адам жұмыс істеуде. Яғни ламинат шығаратын ЖК «GrandMiks», шыныжелім, арматура мен темір-бетон шығаратын «Мирас ДАМУ ЛТД» ЖШС, жабын плитасы мен тауарлы-бетон өндіретін көптеген зауыттар бой көтерді. Сонымен қатар Түркістанда жиһаз, былғары өнімдерін шығаруға арналған 7 жоба бойынша 330 жұмыс орны ашылды. Ал «Созақ» индустриялық аймағында қазбаларды өңдеу, химия өнеркәсібі және фармацевтика өнеркәсібі, тау-кен өндірісі қолға алынған жалпы ауданы 50 гектарды алып жатқан аймақта 5 жоба жүзеге асып, 279 адам жұмысқа қабылданбақ.

«Шардара» индустриялық аймағында 1125 млн. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдығын өңдейтін, гафрокартон мен одан ыдыстар жасау және мақта өңдеу зауыттары жұмыс жүргізуде.

Түлкібастағы 55 гектар аймақтағы индустриялық аймақта өндіріс ашыла қоймаса, «Мақтаарал» индустриялық аймағында 1330 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асуда. Мұнда 220 адам жұмыс істеуде. Онда жоғары технологиялы мақта тазалайтын және жемісті мармелад өнімдерін шығару, құрылыс материалдарын өндіру жолға қойылған.

Мұнан бөлек «Қазығұрт» индустриялық аймағында 186 жұмыс орны бар 6 жоба іске асырылуда. Оның ішінде жылдам дайындалатын тағам өндірісі, сусындар мен құрылыс материалдары бар. Кентау өнеркәсіптік индустриялық аймағы өнеркәсіпке, жаңа технологияларға, сондай- ақ, жұмыс істеп тұрған өндірістер желісін кеңейтуге арналған. Жалпы аумағы 25 гектар аймақта 261 адамды жұмыспен қамтитын 10 жоба жүзеге асуы тиіс.

Ал «Бадам» индустриялық аймағында 8 жоба аясында 1189 адам жұмыс жүргізуде. Мұнда құрылыс материалдарын өндіретін зауыттардан бөлек, трактор шығаратын кәсіпорын және 1600 тонналық мұздатқыш қоймасымен бірге бау-бақша алқабы қарастырылған.

Өңірдің ауыл шаруашылығы саласы да табысқа кенеліп, жылды жақсы көрсеткіштермен бітіруге жақын.

Мысалы Төрткүл ауылында 5100 гектарға мақтаның «47-27» сұрыбының шиті себіліп, мол өнім алынды. «Рамазан-агро» ЖШС-ның 30 «Джон-Дир» комбайны тартылған терімнің 80 пайызы жиналып, ол гектарына 27 центнерге жетті.

Ал Сайрам ауданында 10 гектарды құрайтын жылыжай салу жоспарланған болса, қазір онда 10 гектардан астам жылыжай іске қосылып қойды.

Нақтырақ айтсақ, Қарабұлақ ауыл округінде жеке кәсіпкер Е.Ергешов – 0,20, Манкент ауыл округінде Ә.Кәмилов – 0,10, Қарасу ауыл округінде А.Потеряев – 1, Қарамұрт ауыл округінде «Эко Инвест» ЖШС 9 гектарға жылыжай салып, өз жұмысын жүргізіп жатыр.

Жалпы  аудан бойынша жылыжайлардың жалпы саны 125-ті құраса, оның 7-еуі өнеркәсіптік, 118-і фермерлік жылыжайлар қатарында. Демек, аймақ ажарланып, өңір өркендеп, туған ауылдың тынысы ашылып келеді деуге негіз бар, нәтиже де белгілі.

Е.ТӘЖИЕВ.

 

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.