ТҮРКІСТАН ТЫНЫСЫ – ЕЛБАСЫ НАЗАРЫНДА
Түркістан – еліміздің рухани тірегі. Қазір тарихи шаһар қайта түрленіп келеді. Алдағы жылдарда облыс орталығының түрлі салада өркендеуіне қол жеткізіліп, аудан-қалалар мен ел бесігі – ауылдарымызды көтеруге, ауыл шаруашылығын, өңір өндірісін дамытуға, т.б. баса назар аударылмақ.
Ел Президенті мен жергілікті әкімдік те қаладағы қызу тірлікті ұдайы өз бақылауына алған. Тіпті Тұңғыш Президентіміз қаланың келешекте көркеюі қаладағы туризм саласына басым бағыт беруге байланысты болатынын да баса айтуда.
Айталық Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев таяуда Түркістанда болғанында әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысымен танысып, Түркістан облысы әкімдігінің жаңа ғимаратын аралады. Сонымен қатар қаланың рухани-мәдени орталығын қайта құру жұмыстары бойынша аралық нәтижелер, туризм индустриясын дамыту, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жобалар жөнінде де хабардар болды. Елбасы болашақ «Түркістан» халықаралық әуежайының және 600 орындық көпбейінді аурухананың үлгілерін мақұлдап, облыс орталығында инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нәтижелі болуына тілектестік білдірді. Ал Тұңғыш Президент Саябағындағы ойын-сауық паркінің құрылыс жобаларын көрген Елбасы қалалық Арбатты қайта қалпына келтіру жұмыстарын да назарда ұстады. Сондай-ақ «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасының маңыздылығын атап көрсеткен облыс әкімі өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын сәт те жақын екенін тілге тиек ете келе, өңірде өндіріс саласының 5,5 пайызға, ауыл шаруашылығы мен инвестицияның 25 пайызға, тұрғын үй құрылысының 30 пайызға өскеніне де тоқталып өтті.
Киелі қалада қазір саялы саябақтардың саны да артып келеді. Соның бірі – қала орталығында ашылған жаңа Арбат. Қаланың келбетін ашып, сәулетіне сән берген бұл демалыс орнының ашылуына облыс әкімімен қатар облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов және шаһар басшысы Р.Аюпов арнайы қатысып, құрылысы қайнаған қала халқының ең сүйікті орны осы Арбат болатынына сенімді екендіктерін айтты. Қала әкімдігі қолдауымен жүзеге асқан бұл жобаға 38 жұмысшы мен 8 техника жұмылдырылды. Одан бөлек қала көшелері де біршама кеңейтіліп, заманауи қондырғылар орнатылу үстінде. Қалада 27 бағдаршам нысаны бар, 15-і жаңасына ауыстырылса, қосымша 5 жаңа бағдаршам орнатылады. Тағы 5 жаңа бағдаршам орнату мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Яғни бағдаршамдардың 70 пайызы жаңартылады, қала көлеміндегі бағдаршамдардың саны 37-ге артатын болады.
Сонымен қатар қаладағы С.Қожанов көшесінің бойында, орталық Есім хан алаңының жанында бағдаршам және ша-қыру панелімен жабдықталған жаяу жүргіншілер жолы орнатылды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жолдан еш қиындықсыз өтуіне сеп болмақ.
Шындығында қала облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері көшелердегі көлік қозғалысының еселеп артқаны жасырын емес. Өзге аймақтан шаһарға атбасын бұрушылар да көп. Демек, бұл мәселеге де бейжай қарауға болмайды. Одан бөлек Түркістандағы түрлі мекемелер де мемлекет тарапынан жаңа көліктермен қамтамасыз етілуде.
Айталық жуырда облыстық жедел жәрдем станциясына су жаңа 16 көлік салтанатты жағдайда тапсырылды.
Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Ж.Аманбаев қатысып, сала мамандарын құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі. Осынау «Газель-NEXT» көліктері соңғы үлгіде, заман талабына сай жарақтандырылған. Атап айтсақ, өкпені жасанды желдету аппараты мен электрокардиограф, аспиратор және тағы да басқа аса қажетті құралдар орнатылған. Мұндай санитарлық автокөліктердің тағы 26-сы алдағы күндерде ел игілігі, халық денсаулығын сақтау үшін берілетін болады.
А.ҚАДЫРҚҰЛ.