Дулат ИСАБЕКОВ: Аш жүрсем де…
Сананы қалай өзгертеміз? Ұлттық мүддеге қалай біріктіреміз? Кеңес өкіметі кезінде қазақ ірілеу еді. Мінезі де, ісі де, тірлігі де. Баяғыда Тәуелсіздік алсақ деп армандайтынбыз. Тәуелсіздік қиял, түс сияқты көрінуші еді. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болсақ, өз жеріміз өзімізге тиесілі болса, өзімізге өзіміз қожа болсақ, қазба байлығымыз, рухани байлығымыз өзіміздің меншігіміз болса деуші едік. Сол келді. Бірақ өзгерген ешнәрсе жоқ. Қайта жоғарыға жалтақтауымыз көбейіп кетті. Жалтақтыққа, жағымпаздыққа, ыңғайпаздыққа көшіп алғандаймыз.
Соңғы жылдары пендешілікке, ұсақтыққа ұрынып бара жатқанымыз қабырғамды қайыстырады. Әрине, бұған біреулер қарсы пікір айтуы мүмкін: «Неге бүйтіп айтады? Қоғам дамып келе жатыр. Әлемдегі елу бірінші орынға көтерілдік» деп. Ал, кісілік, адамгершілік, ұлттық сана жағынан қай орындамыз? Міне, мәселе осында. Біз осы жағынан ақсап келеміз. Идеологиямен айналыспадық. Ол қандай идеология? Ол – ұлттық – идеология. Қазақ үшін ақша да, алтын да, байлық та, үлде мен бүлдеге оранып жатқан тоқшылық та қымбат емес. Маған ең қымбаты – ұлттық намыс. Жалаңаш жүрсем де, аш жүрсем де, ұлттық намыс болса, көңілім тоқ болар еді.
anatili.kazgazeta.kz