«ҚАРАБАЙЫР ҚАЗАНАТ» НЕМЕСЕ ҚАЙРАН, ҚАЗАҚ ТҰЛПАРЫ!

Сонау 1838 жылы өңіріміздің Бәйдібек ауданында дүниеге келген әрі шешен, әрі ақын һәм атбегі Досбай биден:

Қарабайыр қазанат,

Қара жолда қалдырмас.

Қара жолда қалдырып,

Қанатыңды талдырмас.

 

Тобан аяқ торыны,

Тойға мінбе, қойға мін.

Құлан аяқ құланы,

Қойға мінбе, тойға мін.

 

Атты жолдас болмайды,

Арбалымен.

Жортақ жолдас болмайды,

Жорғалымен.

 

Жапалақты сипағанмен,

Сұңқар болмас.

Жабыға жабу жапқанмен,

Тұлпар болмас,

— деген ат сынына, мініне қатысты тамаша тәмсіл қалған екен.

Міне, осындағы қазанат деп отырғаны бүгінде тұқымы тұздай құрып бара жатқан қазақы тұлпардың өзі деп білеміз, жеке пайымдауымызша.

Сонымен…

Халқымыз қадірлеп Гераға деп атап кеткен, «білгір Бельгер» ағамыз бір сөзінде: «Қазақ тіліндей бай тіл жоқ қой, сүт тағамдарына, түйе, жылқы атауларына, әбзелдеріне қатысты 100-ге жуық атау бар екен, мұндай байлық біздің немістерде болса, баяғыда-ақ хаттап, шоттап, компьютердің терең түкпіріне тығып тастайтын едік, келер ұрпақ үшін» деп ағынан жарылған еді жарықтық.

“Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ,  бөкен қабақ”, — деп Абайдың асқан білгірлікпен 1886 жылы жазған 4 тармақты, 8 шумақтан тұратын өлеңі жөнінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Бәйге аттың мүсінін сынауда Абай үлкен білімділік, байқампаздық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне аса білгір саятшы, атсейіс болып шығады. Аттың бар мүсінін сынап шығуда, әсем жырмен, үлкен шеберлікпен сипаттауда ақын қазақ тілінің осы жөніндегі мол байлығын да танытады. Өзге тілге аударуға қиын соғатын осы өлеңінде ақын сол тілдің бар мүмкіншілігін де өзгеше ұсталықпен пайдаланады», -деп зор баға берген болатын. («Абай энциклопедия» 608-бет. М.Әуезов).

Сөз басында айтқан Досбай би Есалыұлының:

Екі тізгін жоқ болса,

Ат басын адам бұра алмас.

Екі тартпа жоқ болса,

Ат үстінде ер тұра алмас.

 

Құйысқан, айыл жоқ болса,

Ер мойынға кете алмас.

Екі үзеңгі жоқ болса,

Атқа адам міне алмас.

 

Қолда қамшы жоқ болса,

Ат аршындап жүре алмас.

Бәрі бірдей сай болса,

Ат үстіндегі жігітті

Сайтан түгіл жын алмас,

— деген терең мәнді өлеңі қалыпты. Осындағы «тізгін», «тартпа», «құйысқан», «айыл», «үзеңгі», «қамшы» сынды ат әбзелдері Герағаның «атқа байланысты жүзге жуық атау бар екен» деген сөзінің аз-маз дәлелі.

Мұнан бөлек, даланың көкжал бөрісі әрі батыр, әрі әнші Иманжүсіптің асқан жүйрік Торықасқасын жылқының міні мен сынын алты қырдың ар жағынан шыққан даусынан танитын атбегілер: «Етсіз басы кез жарымға жуық, есек құлақ, шор қабақ, теке танау, бұлан мойын, құлан жал, қақпадай кең омыраулы, піл сауырлы, тақтайдай жазық жауырыны етсіз біткен. Қолтырауын қолтық, таза шынтақ, ит жіліншік, домбай тұяқ, қақпан бел, садақ сан, атан жілік, барыс тірсек» — деп баға бере суреттейді. (Ерлан Төлеутай «Бабалар рухына тағзым»). Еріксіз «ойпырмай-ә» дейсіз. Бір суреттеменің ішінде «есек», «теке», «бұлан», «құлан», «піл», «қолтырауын», «тазы», «ит», «домбай» (жабайы жылқының бір түрі), «атан», «барыс» сынды 11 жануардың аты жүр. Ал енді басқасын қоя тұрғанда осы теңеулерді нәрін, сөлін жойып алмай мөлдіретіп, өзге тілге аудару мүмкін бе? «Өзге тілге аудару өте қиын» деген ұлы Мұхаңның сөзінің байыбына енді ғана бара жатқандаймыз.

Эпостық жырларымыздың бас қаһармандары Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбар батырдың Қарақасқасы, одан бергідегі Қабанбай батырдың Қубасы, Наурызбай батырдың Нарқызылы, Ақан серінің Құлагері, Иманжүсіптің Торықасқасы – бәрі-бәрі, өкінішке қарай, бүгінде тұқымы тұздай құрып бара жатқан қазақы тұлпарлар болатын. Яғни, сөз басында айтқан «ешқашан жолда қалдырмайтын қарабайыр қазан атымыз» осылар деп білеміз.

Халқымыздың рухани келбетін, күллі этномәдениетін түп қопара көтеруді мақсат тұтқан Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мәнді, қалың астарлы бағдарламасы күні бүгін-ақ оң нәтижесін беруде.

Ендігі біздің мақсат-ұстанымымыз «Ұлы даланың»  ұл-қыздарына сай еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек ету болмақ.

Ж.БЕЛГІБАЙ,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, т.ғ.к.,

 Ш.СЕМБИЕВА,

кафедраның аға оқытушысы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.