ТЕАТРЛАР КӨБЕЙСЕ, ТҮРМЕЛЕР АЗАЯР ЕДІ…

Жолымыз кең болғанымен, ойымыз қысқа. Медицина дамып кеткенмен, сырқаттар сансыз. Аз оқимыз, көгілдір жәшікке көп теміргенімізбен, жаратқанға сыйынуға сараңбыз. Қалай жан бағуды білетін шығармыз, алайда қалай өмір сүруді білмейміз. Айға да барып таңсық планеталарды меңгердік, алайда неге көршімен танысу сонша қиын? Отбасылық табыс артқанмен, ажырасу көбейген. Әдемі үйлер көп болса да, жылуы жоқ шаңырақтар көбейген заман.

Иә, әйтеуір бір кем дүние. Қазір материалдық құндылықтардың саны артқан сайын, моральдық құндылықтарымыз ақсап бара жатқандай. Терең бағамдап, ойлы көзбен қарау, таразылау бізге тән емес секілді. Алашапқын болуға даярмыз. Рухани жаңғырдық дейміз, алайда «рух» сөзін әлі күнге түсінбейтіндер қаншама… Ұлтымыздың ұлттық тәрбиесін қалай қайта төрге шығара аламыз?

Бүгінгі таңда респуб-ликамыз бойынша ресми тiркелген 55 театр жұмыс iстейдi. Ал тарихында түрме болмаған елімізде бүгінде 70-ке жуық түзету мекемесі бар. Ал ондағы жазасын өтеушілердің жалпы саны 30 000-нан  асады. Оның 2000-ға жуығы – нәзік жандылар. Дені алаяқтық, адам өлтіру, нашақорлық фактісімен істі болғандар. Ал 6 млн-ға жуық қазақтар бірін-бірі сотқа сүйреп сандалып жүр. Құдай-ау, бұл дегенміз қазақтың жартысы деген сөз ғой. Ал түрмелер саны азайғанымен, бюджеттен түрмелерге кететін шығын 35 млрд-қа жеткен. Жаға ұстатарлық статистикаларды көргенде жаның ауырады. Бар-жоғы 17 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл үлкен сорақы дүние. Түрме реформасында түбегейлі реформалар жасалып, заңнамаға сан өзгеріс пен тоқсан толықтыру енгізілгенімен, қылмыстың азайып, сотталғандардың саны сирегені байқалмайды.

Сонау соғыс кезінде адам жанына үлкен рух пен жігер сыйлаған теарт өнері бүгінде қайта жаңғыруы тиіс. Театр – мәдениет ошағы, һәм ұйытқысы. Ел өмірінің айнасына айналған театрларымыз күннен-күнге шама-шарқынша дамып келеді. Алыс-жақын шетелге танылып, әлінше өз өнерін көрсетіп, еліміздің танылуына үлес қосып жүрген жайы бар. Сондықтан, көзіқарақты оқырман, өзімізді де өзгені де тануға тәрбиелейтін, ұлт құндылығын жаңғырта түсетін театр өнерінің көрермені болуға шақырамын. Мұндағы алар әсер тіпті өзгеше!

Ұлжалғас ӨСКЕН.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.