ШЫМҚАЛАМДА ЖЫР ШУАҒЫ ШАШЫЛҒАН

Әбдісаттар ӘЛІП

О, ШЫМКЕНТІМ, ШЫРАЙЛЫМ!

Дәуірменен құрдассың,

Алашпенен  мұңдассың.

Көнелерден  күй шерткен

Яссыменен сырлассың.

 

Аспадың да таспадың,

Берекеге бастадың.

Жиырма екі ғасырлық

Тарихты артқа тастадың.

 

Төлебидей бабаның,

Домалақтай ананың,

Отанысың Оңтүстік

Фарабидей дананың!

 

Шығысымның сәнісің,

Шәмшіміздің әнісің.

Бар ғажапқа  теңдессіз

Мына өмірдің мәнісің.

 

Қонақжай ғой халқымыз,

Ілтипатшыл қалпымыз.

Ғасырлардан ғасырға

Сақталатын салтымыз.

 

Дәстүрімді сыйлайтын,

Достарыңды қимайтын.

О, Шымкентім, шырайлым,

Баршамызға ұнайтын.

 

Сүйсіне бір қарашы,

Бақытты ғой баласы.

Ұлан-байтақ елімнің

Үшінші ірі  қаласы.

 

Өміріміз жайнаған,

Тіршілігі қайнаған.

Бірлігіміз жарасқан

Ағайындар айналам.

 

Сақтайтұғын әдебін

Сыйластықтың әдемі.

Достастыққа  бүгінде

Астанасың мәдени.

 

Бар ізгілік бойында,

Қайырымдылық ойында.

Жолығайық, ағайын,

Шымқаланың тойында.

 

Сұлухан МЫҢБАЕВА

ШЫРАЙЛЫ ШЫМҚАЛАМ

Ізгіліктің түйісетін арнасы,

Бабалардың жолын қуған жалғасы,

Қуан қалам, қуан бүгін, Шымқалам

Түркілердің мәдениет ордасы!

 

Тоғыстырған тоғыз жолдың торабын,

Құшақ жайып, күтетұғын қонағын,

Күллі әлемді шарласам да өзіңдей

Жомарт елді дей алмаймын табамын.

 

Қуаныштан басылмай тұр аптығым,

Көркейе бер,таси берсін шаттығың,

Абыройың арта берсін асқақтап

Қуан, қазақ, қонақтады бақ бүгін!

 

Тамасанады көрген адам көркіңді,

«Ай-хооой!»- деп бір көңіл толқып, серпінді.

Түркі жұртына Астана атандың,

Уа, қазағым, аспанға ат бөркіңді!!!

 

Ғалым ҚАСЫМХАНҰЛЫ

ШЫРАЙЛЫ ӨЛКЕМ – ШЫМҚАЛАМ                                                                                         

Жазы жасыл, жайлау болып жайнаған.

Базарында тіршілігі қайнаған.

Қазақ түгіл қарық болған қайманаң,

Өркендеген өнеркәсіп өлкесі,

Шұғылалы Шымкентім, бай қалам!

 

Әуелейді Шәмші салған шалқып үн.

Өзіңде өткен бақытқа бай әр күнім.

Қонағына төрін берген тік тұрып,

Ортасы осы дарқан көңіл салтымның.

Күні қандай ыстық болса қаланың,

Жылы жүзді, құшағы ыстық халқының.

 

Ата-дәстүр, салт-сананы сақтаған,

Тұлпарын да, сұңқарын да баптаған.

Ұрпақ үшін балуаны да батыры,

Атой салып ата жауын жасқаған.

Тарихы ғасырлармен жалғасқан,

Ары биік, алтын тұғыр қарт қалам.

 

Бау-бақшада алуан гүлдер тербеліп,

Мұрын жарып құлпырады жел-жеміс.

Не тастасаң сол өнетін құнарлы

Топырағың емес пе еді, елге құт?!

Қанып ішкен Қошқар ата суынан,

Құлан-таза айығады емделіп.

 

Ғимараттар көктен қолын бұлғаған,

Техника жас буынды шыңдаған.

Құлшынады тыным таппай әр жүрек

Болашаққа басу үшін тың қадам.

Сенде туған арманы жоқ адамның,

Шырайлы өлкем! Шарапатты Шымқалам!!!

 

Жанбау МАРҒҰЛАН

ШЫРАЙЛЫ ШЫМКЕНТ ШАҺАРЫ

Заманда заңғар,

Жұртында ән бар,

Басына бақыт қонғасын.

Арналған жырым,

Жайнаған бүгін,

Оңтүстігімнің ордасы.

 

Жолда жеп жөргем,

Төсіңде өнген,

Разы емес, кәне, қай балаң?!

Шырқалып түрлі ән,

Көрінген бір мән,

Тіршілігіңде қайнаған.

 

Ойналған күйлер,

Самсаған үйлер,

Хан ордасының өзіндей.

Саудаң да бөлек,

Керуен көмек,

Жібек жолының өзіндей.

 

Аспаның керім,

Жұлдыздар менің,

Жарқыратқанда түнімді.

Ұлықтар өлкең,

Ұрпаққа ертең,

Тарихтан шертсем сырыңды.

 

Аптап пен ыстық,

Терлеткен түстік,

Қыста да жаз боп қаласың.

Өмірде күйбең,

Өзіңде күйген,

Қазақтың қара баласы.

 

Өрісің өлең,

Тынысың терең,

Жайлаған жерің ұлы-дүр.

Еліңде қырлы,

Жомарттық жүрді,

Ақындарының үні бір.

Тағылым толы жасың бар,

Куәгер оған ғасырлар…

 

Өзіңде туған,

Бақытты мың жан,

Бал өмір дәмін татады.

Үлгісің сәнді,

Жасай бер мәңгі,

Шырайлы Шымкент шаһары!

 

Дәурен АЙМАНБЕТОВ

ШЫМКЕНТ

Мына қала кімдергеболмады өбек,

Өскіндерін үнемі қолдап әлек.

Осында өстің,

Шымқала төсінде өстің,

Өзін енді тіріңде қал мәпелеп.

 

Жазы – жарқын, күзі – алтын, ал қысы – аппақ,

Көктемі ше, көктемін ал құшақтап.

Тұрғындары тұрлаулы ғұмыр кешкен,

Қазақылық болмысын мәңгі сақтап.

 

Кеші қандай десеңші, жастары ән сап,

Күндерінің көңілді –дастан әр сәт.

Әр бұрыштан жастығым жылтыңдайды,

Қандай жақсы, болғаны еске алар шақ.

 

Өлгенінше армандай бере ме адам,

Мұң атаулы үйірсек неге маған?

Анау үйдің терезесі астында әсем,

Енді айтылмас бір кезгі серенадам.

 

Сағыныштың болған ба, уа, шегі,

Осы қала жастықтың куәсі еді.

Сылқымына жыр оқып тұрған кербез,

Еске сап тұр өзімді мына сері.

Әзірше, әзір, жастық шақ өтті біздің,

Еріндерден дәмі де кетті уыздың.

Тал астында жас жігітмендей бір кез,

Маңдайынан талдырмаш өпті қыздың.

 

Естеліктер – елес қой, жүз төбе асып,

Жүрген ісі ұстатпай түзде қашып.

Бұл қаланы жаңғыртып, сендер сынды,

Біз де ғашық болғанбыз, біз де ғашық.

 

Жастық шақты осылай шырқап аман,

Шым-шым сөзден, о, неше жыр қалағам.

Келесі өмір берсе егер жаратқаным,

Табылар ем қайтадан Шымқаладан.

 

Арқалық ӘМӘЛИЯТҰЛЫ

ШЫМҚАЛА. СЕН. ҚАР.

Сенің ғана сенетұғын ертегің,

Менің ғана сенетұғын ертегім,

Қай көшеде, қай бекетте тұрсың сен?

Шымқаланың көктеміндей көркемім.

 

Жаңа жылды күтесің сен,  күрсінбе…

Дүрсіл қосып кеудеңдегі дүрсілге.

Қалдаяқов көшесінде тұрсың ба?

Айбергенов көшесінде жүрсің бе?

 

Еркем, сағанТәңір берген еркелік…

Баяғыдай көңіл қылын шертелік,

Қаныбектен жыр оқиын мен саған,

Әбілданың өлеңіне өртеніп!

 

Ертесіне, күрең атып тұрса таң,

Бітпестей боп өмір дейтін бұл сапар.

Шайырлардың шаңырағы бұл шаһар,

Екеуміздің мекеніміз бұл шаһар.

 

Сенсіз мен де бұл қалаға бөтенмін,

Шымқалада шытырман ой көтердім…

Махаббаттың кейіпкері болсақ біз,

Сөз шебері – Мархабаттай көкемнің.

 

Дәл осы шақ, қар жауып тұр далада…

Сағыныштың ұлпа мұңы санада,

Қар қызындай сені ертіп қасыма,

Барсам деп ем, Бақытжандай ағама!

 

Солай сені, Тәңірімнен қалап ап,

Қалқашым деп, қарашықтай бағалап,

Сыбырла сен құлағыма Шәмші әнін,

Шымқаланы жүрген кезде аралап!

 

Міне, осы, менің сенген ертегім,

Міне, осы, сенің сенген ертегің,

Қай көшеде, қай бекетте тұрсың сен,

Менің ғана көктемім мен көркемім!

 

Шымқалаға қар жауып тұр дәл қазір…

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.