ТҮРКІСТАН: ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖҮРГІЗІЛГЕН ТАЛДАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
-
Ағымдағы жылдың 27 қаңтарында Түркістан қалалық емхананың ұжымымен кездесу өтті.
Кездесуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ғ.Асанұлы, Түркістан қаласының әкімі Р.Аюпов, Түркістан қаласы прокурорының орынбасары Ж.Бегалиев, Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы А.Мамытбеков пен Түркістан қалалық емханасының ұжымы қатысты.
Жиында 2019 жылдың қараша айында қалалық емхананың жұмысына жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері аталып өтті.
Талдау қорытындысы көрсеткендей, қалалық емхананың қызметіне қатысты бірқатар деректер анықталған және талдау нәтижелері желтоқсан айында Түркістан облыс әкімдігі мен облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасына жолданған болатын.
-
Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметіне сәйкес, Түркістан қалалық емхананың бас дәрігері тәртіптік жауапкершілікке тартылса, емхананың бас есепшісі, менеджері, мемлекеттік сатып алу есепшісі, заңгері және бас мейірбекесі өз лауазымдарынан босатылған.
Талдау барысында анықталған басқа да қаржылық және мемлекеттік сатып алуға қатысты тәуекелдер бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу үшін уәкілетті орган — Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне ақпарат желтоқсанда жолданған.
Қазіргі таңда, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Жиын барысында жиынға қатысушыларға тексеру нәтижесімен қылмыстық құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда, тиісті процестік шешім қабылданатыны жеткізілді.
Сондай-ақ, кездесуде қандай да сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар деректері орын алған жағдайда, 1424 нөміріне хабарласу қажеттілігі ұжым назарына жеткізілді.