«Әр қазағым менің жалғызымды» ұстанған аға

Бүгін өзінің ағалық ақылымен жастарға жанашыр болып жүрген «Қазақстан жолы» газетінің бас редакторы Оңғар аға Тәжиевтің туған күні. Өзінің өткір мақалаларымен, сараптамалық дүниелерімен оқырман көңілінен шығып жүрген Оңғар ағаны біз ұлт жанашыры ретінде де жоғары бағалаймыз. Ұлттық мәселе қозғалған сәтте көлгірсіп, қайқаңдамай қасқая сөйлеп, таразының тартар басына халық тағдырын қоя білетін қарымды қаламгердің қаламынан туған дүниелері қашан да біз үшін маңызды.

Ұлтымыздың ұлттық құндылығын насихаттап, жастарды жаман жолдан сақтандырып жүретін сақа журналист, білікті басшы өзі басшылық ететін басылымда да жастарға берері бар дәргейлі дүниелерге басымдық береді. Қаншама журналисттерді тәрбиелеп, құтты қарашаңыраққа айналғандырған Тәжиев басқаратын редакция бүгінде «тіршіліктің тірі мектебіне» айналған. Ұзақ жыл ұстаздық етіп, мектеп директоры болған, ауыл әкімі болып, одан облыстық басқармада белгілі бастығы қызметін атқарып, қалың елмен етене жұмыс істеді. Өзіндік өмір тәжірибесі бар Тәжиевтің өмірден көрген-білгені де, көкірегіне түйгені де көп десек артық емес.

Құдырет иесінің берген қарым-қабілеті, қажыр-қайратын сый етіп, қадірлейтін қаламгер жылдың 365 күнін еңбекпен өткізуді ұстанатыны кімді болса да тәнті етеді. Ол кісі бірде орталық мешіт пен дін істері орталығында болса, бірде мектеп оқушыларының арасынан табылады. Жанынан ұлтжанды зиялы қауым өкілдері, нағыз отаншыл мемқызметкерлер, ардагерлер мен жас буынның өкілдерін көресіз. Тәжиевтің Шымкент қалалық отбасы, балалар құқығын қорғау және жастар басқармасы бастамасы қолдап құрған «Отбасы шуағы» қоғамдық кеңесі ажырасуға сотқа «Арыз» берген жастарды татуластырумен тұрақты айналысып, алғашқы екі айда 21 отбасы некесін сақтаса, бүгінде ондайлардың саны Арыз берушілердің 30 пайызына жетіпті.

Тікмінезді Тәжиев жүрген даңғаза дакпырт сөз айтылмайды. Ащы шындық шын жанашырлықпен айтылатыны жұртшыллыққа белгілі. Рухани жаңғырудың жанашырлары жарнамаға жоқ, Оңтүстіктің намысы үшін жұмыс істеуді ұстанған.

Әрқашан турашылдығы мен әділет биігінен көрінетін қасиетімен адалдық, теңдік, ешкімнің де шен-шекпеніне қарамай, жанашырлық сөзін айтып жүрген жақсы ағаны бүгінгі төл мерекесі – туған күнімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, қызметіне толағай табыстар тілейміз.

                                                 Құрметпен: журналистика саласындағы бір топ шәкірттері!

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.