МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ХАЛЫҚҚА ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫН БАСТАДЫ
Ел Президентінің Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы аудан тұрғындарымен есепті кездесуін бастады. Алдын ала бекітілген жоспар бойынша өңір басшысы бүгін А.Қалыбеков ауылдық округінің тұрғындарына 2019 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.
Аудан әкімінің есебіне аудандық мәслихаттың хатшысы мен облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, атқарушы органдардың басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен дәрігерлер қатысты. Сондай-ақ, округке қарасты мекеме басшылары мен округ тұрғындары есептік жиынның куәсі болды.
Есептік кездесу жаңа форматта өтіп, 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша бейне-ролик көрсетілді. Мұнан соң аудан басшысы тұрғындардың алдына шығып, атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Жалпы А.Қалыбеков ауылдық округі бақша дақылдарын өсіру бойынша ауданда оқ бойы озық тұр. Сондай-ақ, округтің диқандары өткен жылы мақтадан 25,8 центнерден өнім жинаған. Бақша өнімдерін экспорттау үшін кордон қағаздарын шығаруға Үлгілі елді мекенінің тұрғыны Байтоғаев Даулет «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» арқылы 6 миллион теңге несие алып, агрегаттар сатып алған. Биылдан бастап кордондарды округ диқандары сырттан тасымалдамайды.
«Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру — 2» жобасы аясында ауылдық округ аумағындағы 10 каналға коллекторларымен бірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, округке қарасты Жаңажол ауылында жаңадан ауыз су жүйесін жүргізу мақсатында 7,3 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген.
2019 жылдың басты жаңалығы — ауылдық округке қарасты 6 ауыл табиғи газға қосылды. Сонымен қатар, Атамұра елді мекеніндегі 300 орынға арналған Қ.Қайсенов атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы аяқталды. Округ аумағындағы 12 көшеге орта жөндеу жұмыстары жасалып, тас төселген. Үлгілі және Атамұра елді мекенінің аралығындағы үлкен жол бойна 750 түп көшет отырғызылған.
А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылынан 2019 жылы жасөспірім балаларды спортқа баулу мақсатында «Ерсұлтан» спорт кешенінің жанынан қосымша 15 миллион теңгеге спорт кешенінің ғимаратына құрылыс жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, Атамұра елді мекенінен Ә.Оспанов және М.Сейдахов көшелеріне ауыл тұрғындарының демеушілігімен 330 мың теңгеге 52 дана жарық шамдары орнатылған.
Айта кетейік, есептік жиынның соңында округ тұрғындары бір ауыздан аудан әкімі Б.Асановтың 2019 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарған жұмыстарына «қанағаттанарлық» деген баға берді.