ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ

Түркістан шаһары өзіндік дербес даму үлгісінде, бірнеше бағытта көркейіп келеді. Қаланың тарихи-мәдени орталығы көне кезеңнің сәулет үлгісі ретінде сол қалпын сақтайды. Және Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген, бірегей жаңа ғимараттар бой көтерген «ақылды қалаға» айналады. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімдігінде Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында талқыланды.

Құрылыс қарқын алған киелі шаһардағы ғимараттар, саябақтар, көпірлер мен аллеялар бір үлгіде жарықтандырылып, жаңа кейіпке енеді. Жоба алдағы бірнеше айдың ішінде жүзеге асып, қалаға қайталанбас реңк береді. Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де жарықтандырылады. Туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірген қасиетті мекеннің қабырғалары алыстан жарқырап көзге түсетін болады.

Жиналыста облыстық маңызы бар жолдарға қатысты мәселелер де көтерілді. Түркістан облысында жалпы қашықтығы 4 мың шақырым жол болса, былтыр оның 1270 шақырымы жөнделіп, пайдалануға тапсырылған. 2020 жылы 869,8 шақырым жол жөндеуден өтеді деп күтілуде. 2021 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 81,4 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Аппарат жиынында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев күрделі жөндеуге кететін уақыт пен қаражатты үнемдеуді, өңір климатына төзімді саналатын беткі қабаты бүдірлі жолдардың қатарын көбейтуді тапсырды.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Бейсен Тәжібаев «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы жұртшылық тарапынан жоғары бағаланғанын атап өтті. Тұрмыс тауқыметін тартып, қиын жағдайда қалған отбасыларды қолдау бағытындағы бағдарлама аясында барлық аудан, қалаларда  жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары төрағалары және жеке кәсіпкерлердің қатысуымен қайырымдылық шаралары өтіп жатыр. 10 күнде әлеуметтік салаға жауапты басқарма және аудан, қала әкімдіктері және партия филиалы арқылы 700-дей отбасыға көмек көрсетілген.

Мұқтаж жандар қажетті азық-түлікпен және киім-кешекпен, көмірмен қамтамасыз етіліп, 1 азаматқа мүгедек арбасы берілді. Отырар ауданында 2 тұрмысы төмен отбасыға демеушілер есебінен тұрғын үйлер сатып алып берілді. Осы ауданда көмекке зәру отбасыларға 2 бас ұсақ мал (қой) таратылған. Сайрам ауданы, Қарасу ауылында тұратын көпбалалы Абдуалиевтер отбасына кәсіпкерлер көмегімен тұрғын үй салып берген. Мүмкіндігі шектеулі жандар пәтер жалдап келген.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.