АУДАН БАСШЫСЫ «ҚАМҚОРЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРУДА
Тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларды түгел анықтап, оларға жүйелі көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы облыс әкімдігі тарапынан бекітілген болатын. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында Мақтаарал ауданында аса көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталып, аудан әкімі Бақыт Асанов тізім бойынша елді мекендерді аралауда.
Аудан басшысының бастамасымен құрылған жұмысшы топ облыстық және аудандық бюджет есебінен, демеушілер және қайырымдылық қорлар арқылы кедей отбасының әрбір мүшесіне медициналық көмек, жұмысқа орналастыру, азық-түлік пен тұрмыстық заттар әперу, білім алу және өзге де мәселелер бойынша тұрақты көмек көрсетіп, олардың еңсе тіктеулеріне жағдай жасайтын болады.
Кеше Бақыт Насырханұлы Бірлік ауылдық округіне қарасты Қоңырат ауылында тұратын жалғыз басты зейнеткер Оразкүл Қолбаеваның шаңырағына барды. Зейнеткердің бала-шағасы жоқ. 53 мың теңге зейнетақысынан басқа табыс кірмейді. Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер асарлатып салып берген 2 бөлмелі үйде жалғыз өзі тұрады. Қан қысымы жоғарылығына байланысты есепке тұрып, тұрақты медициналық ем қабылдап жатыр екен.
Жалғыз басты қарияның күрделі жағдайымен танысқан аудан басшысы ең бірінші кезекте дәрігерлерге тапсырма беріп, уақытылы медициналық жәрдем беру керектігін айтты. Сонымен қатар, 1 айға жететін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, бұл бағытта да тұрақты түрде көмек беру керектігін тілге тиек етті. Жастардан құралған еріктілер тобы да жалғыз басты қарияның үй ауласын ретке келтіру бойынша көмектесетін болды.
Мұнан соң өңір басшысы бастаған топ Жамбыл ауылдық округінде тұратын Омаровтар отбасына барды. Аталған отбасының отағасы 2-ші топтың, ал үлкен ұлы 3-ші топтың мүгедегі. Көп балалы ана Жұмакүл Омарова 4 баланы бағып-қағып отыр.
Омаровтардың жағдайымен танысқан аудан басшысы отбасылық кәсіп көзін ашуға кеңес берді. Дәл осы мақсатта көп балалы ананың екінші ұлы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында шағын бизнес бастау үшін оқып жатыр екен. Мемлекеттік грантты жеңіп алуға да мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша құрылған жұмыс тобы аталған отбасыларды аяққа тұрғызғанша жұмыс жасайтын болады.