МАҚТААРАЛДА ТӨРТІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН СПОРТ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жамбыл (Андрей) ауылында кіші футбол, волейбол және балаларға арналған ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Аталған спорт нысаны төртінші деңгейлі бюджеттің есебінен және демеушілердің көмегімен іске қосылып отыр.

Мемлекет басшысының Бес институттық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ дең¬гейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу көзделгені белгілі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті өзін өзі басқару бюджеті халық саны 2 мың адамнан асатын ауылдық округ деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейі ретінде енгізілген болатын.

2019 жылы Жамбыл ауылдық округі салық жинауды 108%-ға артығымен орындады. Міне, мүлік, жер, көлік, орта және шағын бизнестен түскен салықтан округ әкімдігі 7,5 миллион теңге қаржы бөліп, ауыл балаларының спортпен айналысуына керемет жағдай жасап отыр.

Спорт нысанының аумағы 2700 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын мердігер «МКД и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Кіші футбол алаңшасы жасанды газонмен қапталып, жан-жағы қоршалған. Ал, волейбол алаңшасына шағыл құм төселген. Спорт нысанының аумағына жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, жастардың түнгі уақытта да спортпен айналысуына жағдай жасалған.

Нысанның ресми ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, нысанның лентасын қиды. Сондай-ақ, ауыл балаларына өз атынан бірнеше доптарды сыйға беріп, алғашқы ойынды бастап берді.

«Құрметті ауыл тұрғындары! Мұндай спорт алаңшасы үлкен қалалардың өзінде сирек кездеседі. Міне, мемлекет басшынысың арқасында төртінші деңгейлі бюджет құрылып, соның жемісін көріп отырсыздар. Енді әр ауыл әкімдігі салықтан түскен қаржыға осындай нысандарды салып, ауыл халқына үлкен жағдай жасайтын болады. Жаңа спорт нысанының арқасында жастарымыз бен балаларымыз футбол және волейболмен шұғылданып, әлемге танымал спортшы болуларына тілектеспін!» — деді Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, мұндай спорт нысандары ауданымызға қарасты 2 кент пен 9 ауылдық округтің барлығында іске қосылатын болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.