ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЕТ ЭКСПОРТТАУДАН РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАДЫ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 629,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 85,5 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға 55,4 млрд.теңге жеке инвестициялар тартылып, 23,7 пайызға артты. Бұл туралы Өңірлік коммукациялар қызметінде брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
«Өңірде 70 мыңға жуық шаруа және фермерлік қожалық жұмыс істейді. Республикадағы үлесі — 35 %. Ауыл шаруашылығы саласына 41,6 млрд. теңге қолдау қаржы қаралған, оның ішінде 28,3 млрд.теңге субсидия — 27,5 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 213,5 млн. АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, 2018 жылдың тиісті кезеңімен 4,6 есеге артты. Оның ішінде 1 млн. 200 мың тонна өсімдік шаруашылығы және 32,8 мың тонна мал шаруашылығы өнімдері экспортталды. Сондай-ақ, 19 мың тонна ет экспортқа шығарылып, Түркістан облысы республикада көш бастады», — деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Сонымен қатар, былтыр облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 826,8 мың гектарға орналастырылып, өткен жылдан 13,3 мың гектарға артқан. Ал тамшылатып суғару әдісі қосымша 7,8 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 17,6 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, жылыжайлар 179 гектарға салынып, өңірдегі жалпы көлемі 1 114 гектарды құрады. Республикадағы үлесі — 67 %.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.