МАҚТААРАЛДА ҚЫСҚЫ СОР ШАЮ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Негізгі экономикасын ауыл шаруашылығы құрайтын Мақтаарал ауданында қысқы сор шаю жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда өңірдің күре тамыры саналған Достық каналынан секунтына 42 м3 ағын су берілуде. Бұл туралы cу арналары мен суармалы жерлерді аралап көрген ауыл шаруашылығы бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Ғалым Дүйсенбеков хабарлады.
Жалпы Мақтаарал ауданына қарасты ауылдық округтерде 23 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері бар. Соның ішінде бүгінгі таңда 21 кооперативпен келісім-шарт түзіліп, секунтына 45,25 м3 ағын су алуға сұраныс түскен болатын.
Ауданда 61 мың гектарға жуық суармалы жер бар. Бүгінгі таңда 56 413 гектар жер айдалып, қысқы сор шаю үшін 47 973 гектар жерге пал алынған. Каналдар мен суармалы жерлерді арнайы бақылап келген ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғ.Дүйсенбеков қалған жерлерге де пал алдыру үшін шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Палсыз сор шаю жұмыстарын жүргізу — ағын суды ысырап қылуға алып келеді. Сондай-ақ, егістік жерді жағалай орналасқан жолдардың бұзылуына септігін тигізеді. Сондықтан, ауданымыздың шаруаларына бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр» — деді Ғалым Мырзаханұлы.
2019 жылдың 1 қазанында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының Мақтарал өндірістік бөлімшесі Мақтарал және Жетісай өндірістік бөлімшелері болып қайта құрылды. Құрылған күннен бастап Мақтарал өндірістік бөлімшесінің мамандары қысқы сор шаю науқанына дайындық жұмыстарына кірісіп, каналдар тазалау, коллекторларды ретке келтіру бойынша жұмыстар жасалды.
Айта кетейік, қысқы сор шаю жұмыстарына байланысты қазіргі таңда «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру — 2» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бұған дейін жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайтын 9 каналдың құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қысқы сор шаю маусымы аяқталған соң құрылыс жұмыстары қайта жалғасатын болады.
Мақтаарал өндірістік бөлімшесі есебінде ұзындығы 224,7 шақырымды құрайтын 23 дана шаруашылықаралық қашыртқысы бар. Сол секілді 130 дана тік дренажды ұңғымалар жұмыс жасап жатыр. «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру — 2» жобасы аясында тағы 145 дана тік дренаж қайта қалпына келтірілетін болады.