ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК АРЗАНДАТЫЛҒАН БАҒАМЕН САТЫЛУДА

Түркістан қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты. Халық күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасының ұйымдастыруымен бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, мамандар кәсіпкерлермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтермеу жөнінде жиындар өткізіп, ортақ келісімге келген. Нәтижесінде тұрғындар азық-түлікті базар нарқынан 15-20% төмен бағада сатып алуда.

Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Түркістан ӘӘК» АҚ Тұрақтандыру қорының мамандары ұдайы сауда орындарын аралап, халық көп тұтынатын тауарлардың бағаларына бақылау жүргізеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы 14 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда орталығында халық көп тұтынатын 19 түрлі тауардың бағасы толық бақылауға алынған. Бағаны тұрақты сақтау үшін облыстық Тұрақтандыру қоры сауда орындарына тауарларды жеткізіп отыр.

Азық-түліктердің бағасына келсек, әлеуметтік дүкендер мен «Шапағат», «Дастарқан», «Бәйтерек», «Береке», «Дәулет» сауда орындарында нан бағасы — 75 теңгеден сатылса, жұмыртқа — 26-28 теңге, картоптың келісі — 89 теңге, қырыққабат — 89 теңге, пияз — 56 теңге, сәбіз — 76 теңге, қанттың келісі — 205 теңге.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын реттеу мақсатында Түркістан қаласындағы «Гүлдер» аллеясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі айына 2 рет өткізілуде. Алдағы уақытта жәрмеңке 7, 21 наурыз және 4 сәуірде өтетін болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.