КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНУДА

Келес ауданы өз алдына отау құрғалы қарқынды дамып келеді. Жаңа мекемелер ашылып, жұмыс орындары ашылуда. Ауданда басым бағыт қарқынды  индустриализацияға берілген. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданының даму жұмыстарымен танысты.

Аймақ басшысы жұмыс сапарын аудан аумағынан кесіп өтетін республикалық маңызы бар «Жыззақ – Гагарин – Жетісай – Асықата – Қызыләскер – Сарыағаш – Жібек жолы» автомобиль жолының мәселесін анықтаудан бастады. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары бүгінде тоқтап тұр. Облыс басшысы мәселені шұғыл шешіп, құрылыс жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Аудан әкімі Ақментай Есбаев қосымша облыстық маңызы бар Абай – Ошақты – Бірлік – Шардара автожолына толықтай жөндеу жұмыстары жүретіндігін баяндады.

Облыс әкімінің ауданға жасаған сапары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысумен жалғасты. Өткен жылы бағдарлама аясында 25 нысан жөндеуден өтіп, жаңартылған. Абай ауылындағы ішкі көшелермен қатар, аудандық «Мәдениет үйі» мен орталық спорт алаңының құрылысы қатар жүрген. Өмірзақ Естайұлы Абай ауылының ортасынан қиып өтетін республикалық жолды қайта құрылымдап, 4 жолақты етіп кеңейтуді жүктеді.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы жалпы құны 7 млрд. 174 млн. теңгені құрайтын Келес ауданындағы «Қызыләскер» қосалқы стансасының құрылысы» нысанында болды. Екі жыл бұрын басталған нысан құрылысын биылғы жылдың тамыз айында толық аяқтау жоспарланған. Бүгінде қосалқы стансаның құрылысы аяқталып, автотрансформаторларды желіге қосу жұмыстары жүргізілуде. Электр стансасы іске қосылған сәтте, осы аумақтағы 4 ауданның халқы сапалы электр қуатын пайдаланатын болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.