ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТҮРКІСТАННЫҢ РУХАНИ-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ІРІ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢДАРЫН АРАЛАДЫ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қала басшысы Рашид Аюповпен және жауапты сала басшыларымен бірге Түркістан қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын бақылап, жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді. Қала орталығындағы абаттандыру жұмыстары мен ашық аспан астында орналасқан бассейннің құрылысын өз көзімен көріп, пысықтады. Әлемдік стандартқа сай салынып жатқан спорттық аумақтың айналасы жасыл желекке оранбақ.
Облыс басшысы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізімен қаладағы Майкотов көшесіне дейінгі автожолының құрылыс басында болды. Ұзындығы 6,5 шақырым болатын 4 жолақты жол алдағы жылы ашылады. Сондай-ақ, 11 гектар жерге жайғасқан «Желілік саябақ» жобасының құрылысын бақылаған өңір басшысы мердігер компания жетекшілеріне бірқатар еткерту айтты. Көгалдандыру жұмыстарына күш салып, қауіпсіздік шараларын ұмыт қалдырмауды ескертті. Жұмыстардың сапалы болуы қажеттігіне айрықша көңіл бөлген аймақ басшысы нысандардың сырт келбетіндегі сәніне де назар аудару керектігіне тоқталды.
«Түркістанның даму бағыттары облыстық деңгеймен шектелмей, күллі түркі жұртының мәдени-рухани, тарихи орталығы ретінде жүргізілуі тиіс. Халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ететін абаттандырылған орталықтар қалаға көрік беріп қана қоймай, тұрғындар үшін тартымды болуы аса маңызды. Айнала көгалдандырылып, гүлзарлармен көмкерілмек. Егілген әр талдың түбіне суару жүйесі енгізіледі», – деді облыс әкімі.
2020 жылы көне шаһардың рухани-мәдени орталығында бірнеше ірі нысанның құрылысы қыркүйек айында толық аяқталып, пайдалануға тапсырылатын болады. Өмірзақ Естайұлы қазаны қайнаған құрылыс алаңдарын аралап, 3 гектар аумақта орналасқан көрермен залы 510 адамға арналған драма театр мен ғылыми-әмбебап кітапханасының және «Hampton by Hilton» қонақ үйінің құрылысын тексерді. 4 қабаттан тұратын заманауи үлгіде бой көтерген мәдени ошақтың жалпы көлемі 10 000 шаршы метрді құрайды. Отырар ықшамауданында салынып жатқан кітапхана 1 га аумаққа жайғасқан. Көгалдандырылған аумағы мен кең паркингі бар үш қабатты бірегей кешеннің үлкен сыртқы аркасы шығыс сарайлары мен қаланың тарихи мұрасын еске түсіреді. Торлы жармалар Еуропа елдеріндегі әлем астаналарының кітапханаларының жарқын мысалдарын бойына сіңірген. Мұнда бағалы кітаптарды сақтауға оңтайлы микроклимат жасау үшін автономды қазандық қарастырылған.
Бұл нысандар жақсы функционалдылығымен, сыйымдылығымен ерекшеленеді және сәулет өнерінің қазіргі стандарттарына сай келеді. Салынып жатқан нысандарды тексеруді аяқтаған соң, облыс басшысы құрылыс жұмыстарын күшейтуді және қажет болған жағдайда құрылысшыларды қосымша тартуды тапсырды.