ТҮРКІСТАНДЫҚ ШАРУА ҚОЗЫҚҰЙРЫҚ ӨСІРІП, ҚЫРУАР ПАЙДА ТАПҚАН
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауыл округінің тұрғыны Бақкелді Рахинбаев атаулы әлеуметтік көмектің арқасында үйінен кәсіп ашып, қыруар пайдаға кенеліп отыр. Нақтырақ айтсақ, былтыр ол атаулы әлеуметтік көмек арқылы 500 мың теңге алып, үйінің қонақ бөлмесіне 600 қапшық қозықұйрық ұрығын орналастырған. Алғашқы кезде аптасына 500-600 келі қозықұйырық жинап, әр келісін 1200 теңгеден өткізіпті. Сөйтіп, небәрі 3 айда барлық несие қарыздарын жауып тастаған. Ал қазір аптасына 300 келіден өнім алып, келісін 500-600 теңге аралығында саудалауда.
«Мен бұл кәсіппен 3 жылдан бері айналысып келемін. Алғашында өзгелерге көмекші ретінде жұмыс істеп жүрдім. Өзім ашуға қаржы қолбайлау болды. Кейіннен үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек берілетінін естіп, өз кәсібімді ашуға мүмкіндік туғанын естіп ерекше қуандым. Сөйтіп Өзбекстаннан қозықұйрық ұрығын керек-жарағымен сатып алып, өз үйімнен шағын орын аштым. Қазіргі табысым көңілге қонымды», – дейді Бақкелді Рахинбаев.
Бақкелдінің ендігі мақсаты – қозықұйрық қапшықтарының санын 3 мыңға жеткізу. Ол үшін оған ылғалды жер телімі мен 3 млн теңгедей қаржы қажет. Екі бірдей несиесін осы кәсіппен-ақ жауып тастаған ол алдағы уақытта да банктерден қарыз алуды жоспарлап отыр.
Бағбанның айтуынша, қозықұйрық өніміне Сарыағаш ауданында сұраныс өте көп екен. Тіпті Шымкент қаласынан да арнайы келісім-шарт ұсынғандар да болыпты. Осыны ескерген Бақкелді алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлік палатасына бизнес идея ұсынып, ол жақтан да 500 мың теңгедей демеуқаржы алуға ниеттеніп отыр.