ТҮРКІСТАНДА «САҚШЫ» ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ
COVID-19 коронавирус инфекциясының облыста таралмауының алдын-алу мақсатында Түркістан облысында түрлі деңгейдегі шаралар атқарылуда. Осы орайда, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар мен адам көп жиылатын қоғамдық орындардың жұмыс жасау режимі өзгертіліп, шектеулер қойылды.
Мәселен, облыс орталығы Түркістан қаласында «Сақшы» арнайы жобасы бастау алып, рейдтік шаралар жүргізілуде. Түркістан қалалық полиция департаментінің қызметкерлері мен олардың қоғамдық көмекшілері қала аумағында дәмхана, мейрамхана мен дүкендерді аралады. Қоғамдағы ахуалды қатаң бақылауға алған азаматтар шара барысында қауіпсіздіктің қатаң сақталуын, нысандарға кірер есіктерде антисептикалық құралдардың болуын тексерді.
Қоғамдық көмекшілер төтенше жағдай талаптарын сақтау жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, барлық кәсіпкерлік нысандардың жұмыс режимі бақылауда болады.
Атап өтейік, ҚР барлық аумағында енгізілген төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысында қауіпсіздікті сақтау мақсатында барлық жергілікті атқарушы және құзырлы органдар күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Төтенше жағдай режимінің сақталуы бойынша бірқатар шаралар атқарылып, 13 нысан иесіне және 2 азамат үйінде той жасауы себепті жауапқа тартылды. Жалпы облыс бойынша 300-ге жуық азамат полиция көмекшісі болып еңбек етуде.