ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: КЕЗ-КЕЛГЕН ЖАҒДАЙҒА ТАС-ТҮЙІН ДАЙЫН ТҰРУ КЕРЕК
COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар анықталған жағдайда инфекцияның таралуын болдырмау үшін қауіпті ошақ қоршауға алынады. Облыс әкімі әр аудан басшыларына 100 адамдық оқшаулау орындарын дайындауды жүктеді. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басқаруымен өткен апталық лездеме отырысында елдегі төтенше жағдайға орай атқарылып жатқан жұмыс барысы пысықталды. Облыс басшысы барлық аудан әкімдеріне коронавирустық инфекцияның таралуына тосқауыл қою шараларын күшейтіп, бес қаруы сай болуды тапсырды.
«Кез-келген жағдайға тас-түйін дайын тұру керек. Әрбір азаматымыздың амандығын ойлай отырып, зор жауапкершілік танытып, дайындық жұмыстарына тыңғылықты және мұқият қарау керек. Дертке қарсы күрес үшін қажетті барлық жағдай жан-жақты жасалуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Қауіпті кеселге ұқсас клиникасы бар азаматтардың диагноздарын анықтау мақсатында облыс аумағында 240 төсек-орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған. Одан бөлек, барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 505 төсек-орынға обсервациялық орталықтар ашылған. Онда 300-ден астам медицина саласының қызметкерлері қызмет көрсетеді.
Оқшаулау орындарында өкпені жасанды желдету медициналық құрал-жабдықтарының санын арттырып, қажетті дәрі-дәрмек қорымен толық қамтылған. Блок-бекеттерде медициналық қызметкерлер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қосымша тапсырыстар берілген. Барлық медициналық ұйымдардағы медициналық қызметкерлер коронавирустың клиникасы, емдеу және диагностикалау бойынша тұрақты түрде дайындық шараларынан өтуде.