ТҮРКІСТАН: ЖЕДЕЛ ШТАБ 35976 АЗАМАТТЫ ТЕКСЕРІСТЕН ӨТКІЗДІ
Елімізде коронавирусқа қатысты төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Түркістан облысы әкімінің жанынан жедел штаб құрылған болатын. Сондай-ақ, Түркістан облысы полиция департаментіндегі жеке құрамның қызметі ерекше жағдайға көшіріліп, тоқтаусыз жұмыстар жүргізілуде. Ондағы мақсат – қоғамдық тәртіптің сақталуы. Осы мақсатта облысымыздағы аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық, режимдік әрі ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін, көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нысандар толық күзетілуде.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да, қалалардан келген азаматтарды, көліктерді тексеріп өткізу мақсатында Түлкібас ауданында «Шақпақ» және Кентау қаласы аумағына «Сауран» шеп бекеттері қойылып, азаматтарды есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгіннің өзінде бұл бекеттерден 13296 автокөлік пен 35976 азамат тексеріліп өткізілген.
Жалпы Түркістан облысының аумағында 112 ірі сауда орталығы, 103 базар, 33 автовокзал, 1 мега орталығы (Түркістан қаласында), оның ішінде 1 кинотеатр, 1133 кафе-бар орналасқан. Төтенше жағдайға байланысты ірі сауда орталықтары сағат 10.00-ден 18.00-ге, базарлар 11:00-ден 17:00-ге дейінгі уақыт аралығында жұмыс атқаруда. Мега орталығындағы кинотеатр жұмысы карантинге байланысты тоқтатылса, 1133 кафе-барларды сағат 22.00-ден кейін жабу жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, облыс аумағында барлық елді мекендерде той-томалақ өткізген жағдайда қатаң жауапкершілікке тартылатын ескертілді. Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты, заң талаптарын сақтамаған тұлғаларға қатысты, ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен 54 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Сондай-ақ, жыл басынан короновирусқа қатысты полиция департаментімен ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабымен (Көрінеу жалған ақпарат тарату) 7 қылмыстық іс қозғалған. Барлық қылмыстық істер бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.