АБАЙ МҰРАСЫ – ЖАСТАРҒА ӨНЕГЕ
Жуырда Абай атындағы орталық кітапханада «Абай жолындағы» ана даналығы» атты әдеби-галерея кеші өтті. Кештің басты мақсаты М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы аналар, арулар бейнесін ашып көрсетіп, талдау, жастарды Абай өмірін тереңдей оқуға үндеу, өмірге деген көзқарастарын, іздене білу дағдыларын дамыту, анаға, әйелге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу болатын. Кешке қаладағы мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері қатысты. Кеште «Үкілі кәмшат» клубының кезекті отырысын жүргізген кітапхана қызметкері Г.Орынбасарова мен №61 орта мектептің 10-сынып оқушысы З.Дадажанова романдағы әйелдер бейнелеріне қысқаша шолу жасап өтті.
Ал өз кезегінде сөз алған: «Өрлеу» БАҰО-ның аға оқытушысы Б.Серікова:
«Абайдың әдеби ортасы» деген тақырыптың әліппесі, әрине, ақынның өскен ортасы, тәрбие алған ошағынан бастау алатыны заңдылық. Бұл арада Ұлжан ананың есімін бөліп айту орынды. Өйткені, Ұлжан – Абайды ақ сүт беріп өсірген анаcы, ақын болуына тікелей әсер еткен жан. Демек, Ұлжан туралы, оның Абайға, Абайдың ақындығына қатысы жайындағы сөзді әріден, Абайдың нағашы жұртынан бастаған жөн. “Алып анадан” дегендей, оның «данышпан Абайдың анасы» деген атқа толық лайық ақылды да, сөзге шешен жан екендігін кеңірек әңгіме етуіміз керек сияқты»,-деп Ұлжанның бейнесіне кеңінен тоқталып өтті.
Сондай-ақ кітапхана қызметкері Т.Тезекбайқызының орындауындағы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні де көптің көңілінен шықты.
Сонымен қатар №7 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қ.Сарыбаев пен аталған мектеп-лицейдің оқушылары А.Бейсенова, Г.Әкім, А.Айтбай осы тақырып жайлы өз пікірлерімен бөлісті.
Одан бөлек М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің студенттері мен №61 жалпы орта мектеп оқушылары Абайдың лирикалық өлеңдерін жатқа оқыды. Қорытынды сөз алған ОККЖ-нің директоры Г.Шатырбекова: «Абай жолы» романындағы тарихи оқиғалардан аңыздық сипат алып, халық арасына таралуының шындығы мен ақиқатын ажыратуға ұмтылыс жасаған Қ.Темірханқызының «Абай жолы» романындағы әйелдер образы» атты ғылыми ізденісі келешек зерттеу жұмыстардың алғашқы баспалдағы болары сөзсіз»,-деп тағылымды кешті аяқтап, келген қонақтар мен оқырмандарды Алғыс хаттармен марапаттады.
М.Тұңғышбаева,
Абай атындағы орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі.