КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ БОЛМАЙДЫ

Жүріп бара жатқан автобусқа ерлі-зайыпты жүгіріп келіп мінді. Күйеуінің қолында азық-түлік салынған қалта бар. Әйелі әлгі қалтаны алды да, бұрқ-бұрқ етіп сөйлей бастады:

– Йогурт алуды ұмытып кетіпсің ғой! Ал майды белінде жасыл жолағы барын ал деп едім, сен сарысын алыпсың… Құдайым-ай, мен саған ішінде жаңғағы мен мейізі бар шоколадты жемеймін деп жүз рет айттым ғой! Ал сен дәл сондайын алыпсың! Сен де бір…

Әйелінің сөзін аяқтатпай, күйеуі оның қолындағы шоколадты жұлып алды да, автобустың ашық терезесінен далаға лақтырып жіберді…

*   *   *

Шамамен осы уақытта басқа автобусқа бір жас жігіт келіп кірді. Қараса, терезе алдындағы орындықта керемет сұлу қыз отыр! Тіпті қиялындағы сұлулардың бәрінен де сұлу, ертегідегі ару дерсің… Қызды бір көргеннен-ақ бойын тоқ ұрып өткендей, бар ақыл-есінен айырылған жігіт оны өле-өлгенше сүйіп өтуге дайын екенін бүкіл жан-дүниесімен сезінгендей. Бірақ, махаббатының ақ құсын қолына қалай қондырса екен? Бар бұлшықеті тартылып қалғандай, миы да бір амалын табудан бас тартуда. Тек жүрегі ғана атқақтай соғып, аузына тығылып, мұның тірі екенін білдіріп тұр. Енді қайтпек керек?

Ақыры бар күш-қайратын жиды да, батыл басып, қыздың жанындағы бос орынға барып отырды. Өзіне салса, қазір қыздың алдына тізерлеп отыра кетер еді. Бірақ, бұл қоғамдық орын, қоғамдық орынның өз мәдениеті бар. Сондықтан, бір жөткірініп алып, мәдениетті түрде сөз бастады:

– Қарындас, сіз өте әдемі екенсіз…

Терезеге қарап отырған қыз жалт қарағанда, жігіт жаным кеудемнен шығып, аспанға ұшып кетер ме деп қорыққан. Бірақ, әйтеуір, аман қалды.

– Рахмет…

Қысыла жымиған қыздың ибалылығын көріп, жігіт батылдана түсті.

– Сізбен танысуға бола ма? Менің атым – Серік…

Қыз тағы жымиды. Оған да сымбатты әрі мәдениетті жігіттің ұнап қалғаны даусыз еді. Бірақ, қыздың аты қыз емес пе? «Иә!» деген жалғыз ауыз сөз тілінің ұшына орала берсе де, біраз өзінің бағасын арттырғысы да келді. Алайда, жанында отырған жігіттің киген киіміне қарап, оның кедей отбасынан шыққан, қарапайым студент екенін бірден түсінді. Сондықтан, талабын барынша төмендетіп:

– Ал мен шоколадсыз таныспаймын, -деп сыңғырлай күлді.

Осы сәт жігіт соңғы үмітінен айырылғандай, басы төмен салбырап кетті. Ол расымен де қалтасында жол жүру билетінен басқа көк тиыны жоқ кедей студент болатын. Тығырықтан шығар жолды іздеп, сансырай бастаған ойына бірінші келгені – шоколадтың орнына жақында ғана сатып алған жап-жаңа кроссовкасын беру болды. Бірақ, бұл ақымақтық, әрине… Болды, бітті! Бақ құсы қолынан пыр-пыр ұшып барады. Неге? Неге қайдағы бір шоколадқа бола жалғыз махаббатынан айырылып, өмір бойы азап шегіп өтуі керек? Бір амалы болуы керек қой!

Не істерін білмей аласұрған жігіт көзінің астымен айналасына қиыла қарап, іштей айқайлап жатты: «Көмектесіңдерші!!! Өтінемін, көмектесіңдерші!!!». Бірақ, қас пен көздің арасында жігіттің басында болып жатқан осы аласапыран сергелдеңді ешкім де сезген жоқ. Ал Құдай бұл мәселені әлдеқашан шешіп қойған сияқты. Өйткені, дәл осы сәт…

Қарсы бағытта жүріп бара жатқан автобустың ашық терезесінен ұшып шыққан жаңғақ пен мейіз қосылған шоколад топ етіп алдымен жігіттің кеуде тұсына ұрылды да, сосын қыздың тізесіне барып түсті. Не болғанын түсінбей аңтарылып қалған қыз бен жігіт бір-біріне қарады да, қосыла сықылықтап күліп жіберді. Екеуінің де жүзінде бақыт нұры шалқып тұрған еді. Олар үзілгелі тұрған сезім жібін байлаған шоколадтың қайдан келгеніне бас қатырып та жатпады. Өйткені, өмірде кездейсоқтық деген болмайды…

К.ДИДАР.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.