«БІЗ БІРГЕМІЗ» АКЦИЯСЫНА ТҮРКІСТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР АТСАЛЫСУДА
Елбасы жариялаған «Біз Біргеміз» акциясы аясында Түркістан облысында «Түркістан» Әлеуметтік даму корпоративтік қоры COVID-19 пандемиясымен күресуге көмек көрсету үшін қаражат, сондай-ақ кәсіпкерлер тарапынан азық-түлік және медициналық тауарлар қабылданатындығын жариялады.
Коронавирустық инфекцияның кең таралуына қарсы күрес мақсатында Мемлекет басшысы бүкіл Қазақстан бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жариялады. Атап кетсек, бұл шаралар көмекке мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарына жедел қолдау көрсетуді көздейді.
Осылайша, Түркістан қаласына Ордабасы ауданының кәсіпкерінен гуманитарлық көмек ретінде екі фура тауар келді. Жаңа піскен қияр мен қызанақтан тұратын жүк «Аделя» шаруа қожалығынан қабылданды.
Қазіргі уақытта жүк облыстың екі қаласы – Түркістан мен Кентау арасында бөлінген. Еріктілер өнімдерді мұқтаж отбасыларға, «Таза қала» компаниясының қызметкерлеріне және қаланың құрылыс алаңдарының жұмысшыларына таратты.
Естеріңізге сала кетсек, облыстың мұқтаж тұрғындарына көмек көрсету үшін қаражат жинауды «Түркістан» ӘКК» АҚ жанындағы «Түркістан» әлеуметтік даму қоры жүргізеді.