МАҚТААРАЛДА ЖЕКЕ КӘСІПКЕР 700 ҚАП ҰНДЫ ТЕГІН ТАРАТПАҚ
Еліміздегі Төтенше жағдай кезеңінде Мақтаарал ауданының кәсіпкерлері белсенділік танытып, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларға түрлі көмектер көрсетуді жалғастыруда. Осы орайда, Атакент кентінің тұрғыны, «Пионер грайн продукт» жауапкершілі шектеулі серіктестігінің Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандарындағы өкілі, жеке кәсіпкер Тоқжігітов Нұржан Ермаханұлы 700 қап ұнды мұқтаж жандарға тегін тарату үшін аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан дайындалған қоймаға табыстады.
Қазіргі уақытта ұнды тарату үшін кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері тарапынан мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталуда. Жалпы салмағы 17,5 тоннаны құрайтын ұн Мақтаарал ауданындағы 2 кент пен 9 ауылдық округтегі аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға берілетін болады.
Бірінші сұрыпты, наубайханалық «Пионер» ұны қазіргі таңда еліміздегі ең сұранысқа ие өнімдердің бірі екені белгілі. Бұған дейін аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан бағаны тұрақтандыру мақсатында бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жасалып, дүкендерде 8500 теңгеден сатылған бірінші сұрыпты «Пионер» ұны 7700 теңгеге түсірілген еді. Бұл игі шараға да меценат-кәсіпкер Нұржан Ермаханұлы ықпал етіп, жерлестері үшін үлкен көмегін тигізді.
«Нұржан сияқты кәсіпкерлеріміз барда еліміз ешқашан еңсесін түсірмейтіні белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туған жерге туыңды тік деп айтты емес пе? Міне, елімізде төтенше жағдай туындап, қиын-қыстау кезеңде жерлестері үшін 700 қап ұнды тегін бере салу көп жомарт жандардың қолынан келе бермейтін үлкен іс» — деді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов.
Айта кетейік, аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан арнайы қойма дайындалып, ұннан бөлек, макарон, май, қарақұмық, құмшекер сияқты т.б. ең қажетті азық-түліктердің қоры жинақталуда.