ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУАЛАР БІР ЖЕРДЕН ЖЫЛЫНА 2-3 ӨНІМ АЛУ ІСІНЕ КІРІСТІ
Түркістан облысында еліміздегі төтенше жағдайға қарамастан егін егу науқаны бір сәтке де тоқтаған жоқ. Әсіресе оңтүстік аудан саналатын Жетісай ауданының диқандары бір жерге екінші дақыл егу ісіне кірісіп кетті. Солардың бірі- Ш.Ділдәбеков
ауыл округінде тұратын Рамазан Ходжанов
өз иелігіндегі 5 гектар егістік жерінің 2 гектарына ақпан айында ерте пісетін қырыққабат егіп, жуырда алған өнімінің бәрін тегіс саудалап біткен болатын. Енді міне араға күн салмай, ерте пісетін қауын егу ісіне кірісіп кетті.
«Былтырғы жылы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданымызға жасаған жұмыс сапарында бір жерден екі рет өнім алу туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға орай біз де екі рет өнім алу ісіне кірісіп кеттік. Өйткені, біздің ауданымыздың климаты диқаншылықпен айналысу үшін өте қолайлы. Оның үстіне шаруалар үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмектер көп. Мемлекеттің өзі қолдап тұрғанда неден қорқуымыз керек. Өзіме тиесілі жеріме қырыққабат егіп, оны жинап алдым. Әрі қарай сол жерге ерте пісетін қауын егіп жатырмын. Карантин кезінде біздің өнімдерімізді, жерде қалдырмай жол ашып бергені үшін облыс әкімі Өмірзақ Естайұлына ерекше ризашылығымды білдіремін»,- дейді Рамазан Ходжахметұлы.
Жалпы аудан бойынша биыл 11361 гектар аумаққа ерте егілетін пленка астындағы қауын мен қарбыз егілген.