ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТЫҚ ШАРУАЛАР АПТАСЫНА 2 ТОННА ТҮЙЕ СҮТІН ӨНДІРУДЕ
Түркістан облысы Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамыту ісі жанданып келеді. Жыл басында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан басшылығына ойсыл қара басын көбейтіп, түйе сүтін облыс орталығындағы қайта өңдеу кәсіпорынына өткізуді тапсырған болатын.
Осыған орай аудан әкімінің бастамасымен ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіріп, асыл тұқымды сүтті мол көлемде беретін түйелерді сатып алу, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру ісі қолға алынды. Тиісті бөлімдер мен мекемелер, ауыл кент округтерінде шаруа қожалықтарымен кездесіп, семинарлар өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде бұл жұмыстар өз нәтижесін бере бастады.
Айта кетейік, қазірдің өзінде аудандағы түйе саны 11 мыңнан асып отыр. Алдағы уақытта сүтті ойсыл қара санын 1600-ге арттырып, сүт көлемін 4 мың тоннаға дейін өндіру жоспарлануда. Ол үшін аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі өңірде арнайы бағдарлама түзді. Соның нәтижесінде аудан көлемінде Қарағұр ауыл округі «Қарағұр» өндірістік кооперативі, Созақ ауыл округі «Текей» шаруа қожалығы жанынан және аудан орталығы Шолаққорған ауыл округіндегі «Бағдат» шаруа қожалығы жанынан түйе сүтін қабылдайтын 3 арнайы бекет ашылды. Әр бекетте сыйымдылығы 1 тонналық қондырғы қойылды.
Қазіргі таңда «Текей» және «Бағдат» шаруа қожалығы жанындағы түйе сүтін қабылдау бекеттері толық іске қосылып, жекелеген созақтық шаруаларымен бірге аптасына 2 тонна түйе сүтін өндіріп, өткізуде. Түйе төлдеп, сүті сауылғаннан бергі аз ғана уақытта 30 тонна сүт Түркістан қаласындағы қайта өңдеу кәсіпорынына жеткізілген.
Алдағы уақытта Қарағұр ауыл округі «Қарағұр» өндірістік кооперативі жанындағы бекет іске қосылып, түйе сүтінің өнім көлемі артады деп күтілуде.