ТҮРКІСТАН: ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАРҒАН ҚЫЗМЕТКЕР ҮШІН БІРІНШІ БАСШЫ ЖАУАПТЫ

Қол астындағы қызметкер жемқорлықпен шатылса, бірінші басшы жұмыстан кету жөнінде өтініш жазуға міндетті. ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі онлайн режимдегі комиссия отырысында айтылды. Комиссия мүшелерінен бөлек барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары жиынға бейне-байланыс арқылы қатысты. Отырыста өткен жылы атқарылған жұмысын қорытындыланып, 2020 жылға жұмыс жоспары құрылды.

Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев және осы салаға жауапты басшылар баяндама жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемқорлыққа төзбейтін қоғам қалыптастыру үшін ұсынған міндеттері түсіндірілді.

2019 жылға бекітілген жоспарына сәйкес, мәжіліс отырыстарында қаралған өзекті мәселелер бойынша нақты 32 хаттамалық тапсырмалар берілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында комиссия «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңеспен бірлесіп, алдын алу бойынша кеңестер мен кешенді жұмыстар жүргізеді.

«Түркістан-адалдық алаңы» жобасы аясында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мен біргелікте ауқымды шаралар іске асырылуда. Атап айтсақ, былтыр алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық Түркістан форумы» өткізілді. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті басқармасының мәліметтері бойынша, 2019 жылы облыс аумағында сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша 82 адам күдікті деп танылған. Оның 48-і аумақтық мемлекеттік, құқық қорғау және өзге де органдардың қызметкерлеріне қатысты, 34-і жергілікті атқарушы органдардың қызметкері.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған тұлғаларға 73 млн 862 мың тенге айыппұл тағайындалып, өндірілді. 34 фактінің 24-і аудан мен қала әкімдіктерінің дербес бөлімдері мен ауыл әкімдіктерінің лауазымды қызметкерлері. Басым көпшілігі Жетісай, Сарыағаш, Кентау, Бәйдібек, Мақтаарал және Ордабасы аудандарында тіркелген.

Отырысты қорытындылаған Өмірзақ Естайұлы комиссия мүшелерінің назарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысында жіберілген кемшіліктердің бірсарындылығына және азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз етуге аударды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.