ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТҮЛЕКТЕР МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Мектепті 20 жыл бұрын тәмамдаған түлектер қайырымды іс жасап, ауылдастарын қуантты. Түркістан облысы, Шардара ауданы Қызыл құм ауылдық округіндегі орта мектептің 2000 жылдық түлектері елдегі төтенше жағдайды ескеріп, мамыр айына жоспарлаған 20 жылдық кештен бас тартуды жөн санады.

«Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты біз сыныптастарымызбен ақылдаса келе, бірауыздан осындай шешімге келдік. Биылға жоспарлап қойған 20 жылдық кештен бас тарттық. Оған жұмсалар қаражатты жинап, жерлестерімізге қол ұшын беруді жөн көрдік. Барша мұсылман бауырларымызды жақсылық жасауға шақырамын», – дейді Шукур Шамшадинов.

Қасиетті Рамазан айында игі істі қолға алған азаматтар ауылдастарының үйін жөндеп берді. Есік-терезесін жаңартып, ауласынан құдық қазды. Әлібековтер отбасы отағасынан айрылып, асыраушысыз қалған. Мүгедек баласымен бірге тұратын зағип ана ауылдастарының қайырымды ісіне алғыс айтып, батасын берді.

Сондай-ақ, Қызыл құм орта мектебін осыдан 20 жыл бұрын бітірген азаматтар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен тағы 15 отбасына азық-түлік жиындықтарын таратты. Ізгілікті іс жасап, бірліктің үлгісін көрсеткен мектеп түлектеріне жерлестері дән риза. Сауапты іске түлектер миллион теңгедей қаражат жұмсаған.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.