ҚОҒАМ КЕРЕҒАР АҒЫМДАРҒА ҚАРСЫ
Жуырда дін саласында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында Бәйдібек ауданы, Шаян көпсалалы жалпы орта мектебінің мұғалімдері және 9-10-11-сынып оқушыларының қатысуымен «Экстремизм және терроризм: ұғымы, мәні, көріністер формасы» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесу барысында экстремизм мен терроризм ұғымдарына жеке-жеке анықтамалар беріліп, діни экстремизмнің зардабы түсіндірілді.
Шындығында соңғы кездері экстремистер ғаламторда өздерінің теріс дінді насихаттайтын видеороликтерін түсіріп, жастарды адастыруда. Бұл роликтерді көрген сайтты пайдаланушылар түрлі психологиялық ойларға салынып, қауіптерге бел буатыны рас.
Терроризмнің барлық түрлері, көріністерімен, ауқымы және қарқындылығымен, бүгінгі заманда ең өткір мәселеге айналғандығы да анық. Олардың негізгі мақсаттары – әртүрлі діни сенімдерді пайдалана отырып, адамдардың пікіріне әсер ету, билікті ұстап қалу, ұлтаралық соғыстар, талас-тартыстар ұйымдастыру, дінді саяси құрал ретінде пайдалану т.б.
Сол себепті де осынау шарада дәстүрлі емес теріс ағымдардың қоғамға тигізер зардаптары және бұл сияқты әр түрлі ағымдардың алдын алу жолдары толыққанды талқыланды әрі ДДА жақтаушыларының психологиялық ерекшеліктеріне сипаттама беріліп, еліміздегі діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөнінде де айтылды. Ал аудандағы Шаян ауылының М.Әуезов атындағы ІТ мектеп-лицейінің ұстаздарымен, оқушыларымен жүздескенде дінтанушы маман діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР-ның дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша заңдылықтарын да түсіндіре кетті.
Мұнан бөлек Кентау қаласына қарасты Ораңғай ауылдық округі әкімдігінде ардагерлер, аналар кеңестері, ауыл билері, зейнеткерлер, жұмыссыз жастар, әлеуметтік қызметкерлерінің қатысуымен «Экстремизм және терроризм: ұғымы, мәні, көріністер формасы» тақырыбында кездесу болып өтті.
Кездесу барысында терроризмнің мәні мен көріністеріне жекелей анықтама берілді. Сонымен бірге деструктивті діни ағым мүшелерінің қоғамға тигізер зияны және бұл секілді ағымдардың алдын алу жолдары кеңінен талқыланды. Ауыл тұрғындары мен ақсақалдар алқасы қатысқан бұл шарада ДДА жақтаушыларының бұл жолға түсу кезеңдеріне сипаттама беріліп, жасап жатқан теріс әрекеттері сынға алынды. «Арбау» атты бейнеролик қойылып, дәстүрлі және ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруға болатындығы да айтылған жиында бұл бастаманы қолдаушылар да аз болмады. Себебі өскелең ұрпақтың адасуының алдын алу арқылы біз теріс ағымдар идеологиясының таралуына да белгілі бір деңгейде бөгет қоя аламыз.
Кездесу соңында іс-шараға қатысқан Ораңғай ауылдық округі әкімі С.Пірметов сөз алып, ауылдағы діни жағдайға байланысты мәселелерге тоқталып өтті, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен тұрғындары тарапынан тақырып бойынша сұрақтар қойылып, барлық сұрақтарға толыққанды жауап берілді.
Ал осы Ораңғай ауылдық округінде орналасқан Қосқорған жалпы орта мектебінің мұғалімдері, мектеп директоры Т. Босанов пен 9-10-сынып оқушыларының қатысуымен өткен «Экстремизм және терроризм: ұғымы, мәні, көріністер формасы» тақырыбындағы кездесу барысында деструктивті діни ағымдармен күресте салт-дәстүрлердің орны туралы сөз қозғалды. Экстремизм мен терроризмді болдырмаудың бірден- бір жолы ретінде бабалардан жеткен сөздер мен дәстүрді насихаттау ұсынылып, бұл ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау тапты.
Мұндай мәні бөлек басқосулар, тағылымы көп игі шаралар Сайрам ауданында да ұдайы ұйымдастыры-луда. Мысалы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылдық округіндегі №18 жалпы орта мектебінде ауыл тұрғындарымен пікір алмасуда облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-ның Сайрам ауданындағы дінтанушы-теолог маманы Ж.Битанов жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасауды жөн көретін, жұртты ата дінінен, асыл дәстүрінен бездіруді көздейтін кереғар ағымдардың кесірлі әрекетіне тоқтам қоятын уақыттың әлдеқашан туғанын ашына айтып, жастар арасында тек дұрыс діни ақпараттарды жеткізумен шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің де маңызы артып отырғанын баса айтты. Кездесу соңында ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Ұ. Өскен.