САРЫАҒАШТЫҚТАР МАҚТААРАЛДЫҚТАРҒА КӨМЕК ЖІБЕРДІ
Тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал ауданына сарыағаштықтар да алғашқылардың бірі боп жалпы құны 1 млн 735 мың теңгенің гуманитарлық көмегін көрсетті. Оның ішінде азық-түлік, ет, су, күріш,ұн, картоп, пияз, май,қанттан бөлек, көрпе-төсек, гигиеналық заттар, балаларға қажетті канцелярлық тауарлар да бар. Аталған заттар Сарыағаш ауданына бекітіліп берілген 5 мектепте орналасқан 700-ге жуық тұрғындарға күнделікті таратылып берілуде.
Аудан әкімі Мұхит Отрашиев бастаған топ бірінші күннен-ақ эвакуация орындарына келіп, 5 мектепті өз қамқорлығына алған болатын. Бүгінде аталған эвакуациялық орындарда Сарыағаш ауданы әкімдігінің 30-дан астам мемлекеттік қызметкері күндіз-түні тынбай халыққа қалтқысыз еңбек етуде.
«Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайды ести салысымызбен алғашқылардың бірі ретінде көмек беруді жөн көрдік. Әсіресе үйлерін су шайған азаматтарды қамқорлығымызға алуды ойладық. Бұл игі бастамамызды сарыағаштық жомарт азаматтар да бірден қолдай кетті. Ең бастысы — адам шығыны жоқ. Жан аман болса, басқасының бәрі орнына келері сөзсіз.Сондықтан Мырзашөл халқына сабырлық пен ауызбірлік тілеймін!»,-дейді Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев.
Сарыағаштықтардың қамқорлығы мен қайырымды істеріне мақтааралдықтар дән риза. Қиын-қыстау кезде кім алғаш боп көмек қолын созса, сол көзге ыстық көрінетіні бар. Эвакуация орындарын өз бақылауында ұстап, күнделікті көмегін аямай көрсетіп жатқан аудан әкімінің де жұмысына тұрғындар сәттілік тілеп,ақ баталарын жаудыруда.