БІЗ БҰЛ СЫННАН ДА СҮРІНБЕЙ ӨТЕМІЗ
Тосын жағдай
2020 жылдың 1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы “Сордаба” су қоймасы бұзылып, Мақтаарал ауданындағы “ЦГК” каналына 300 миллион текше метр су келіп құйылған. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай қалыптасты.
Сол түнгі аққан сарқырама су “ЦГК” каналына жиналды. Аталған каналдың су жіберу қуаттылығы секундына 120 текше метр. Бірақ каналға түнімен секундына 180 текше метр су ағып келген.Осыны ескерген облыстық төтенше жағдай жөніндегі тиісті қызметтер Мақтаарал ауданындағы 4 елді мекеннен 5400 адамды эвакуациялауға мәжбүр болды. Бірқатар тұрғындар өз көліктерімен туған-туыстарына жайғасса, қалғандары эвакуация барысында Атакент кентіндегі мектептерге жайғастырылды.Эвакуацияланған тұрғындар былтырғы Арыстың тәжірибесіне сәйкес тиісті медициналық қызмет, азық-түлік секілді барлық заттармен қамтамасыз етілетін болады.
Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерінен
2 мамырдан бастап 31606 адам эвакуацияланған. 4 мамыр күнгі ақпарат бойынша Жаңа — Тұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй), Өргебас (194 үй), Достық(11 үй) елді мекендерінен жалпы саны 631 үй су астында қалды.
2 мамырда Атакент елді мекенінде 24 эвакуациялық бөлім құрылып, жұмыс жүргізуде.
Апаттан құтқару жұмыстарына жалпы саны 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған.
Полиция тарапынан Жаңа — Тұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Нұрлы жол, Иіржар елді мекендерінде бір, Т.Жайлыбаев ауылында екі блок-бекет құрылып, оның жалпы саны 7-ге жетті.
3115 ірі қара мал, 1101 ұсақ мал, 585 жылқы, 34 түйе Келес ауданы, Қызыләскер ауылына жеткізілді. Бұдан бөлек, 1797 ірі қара мал, 6029 ұсақ мал, 689 жылқы, 381 түйе, 165 шошқа Мақтаарал ауданындағы су басу қаупі жоқ жерге жеткізілді.
Қазір Мақтаарал ауданында су басу қаупі бар елді мекендер айналасына бөгеттер тұрғызылуда.
Атап айтқанда, Нұрлы жол елді мекені аумағында ұзындығы 2,5 км, биіктігі 1,5 болатын бөгет соғылды. Фирдоуси елді мекенінен Мырзакент елді мекеніне қарай 3 коллектор орналастырылды. Өргебас елді мекенінің аумағында ұзындығы 20 м, биіктігі
1 метр болатын бөгет жасалса, Ырысты елді мекенінде биіктігі 0,5 м, ұзындығы 40 метр бөгет соғылды. Сондай-ақ, Жантақсай елді мекенінің маңынан ұзындығы 800 м. болатын бөгет тұрғызылды.
Сонымен қатар, көрші Жетісай ауданында Қоғалы ауылының автомобиль жолының бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет салу арқылы нығайту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмысқа 649 адам, 15 дана техника жұмылдырылған. Оның ішінде жергілікті әкімдіктен 13 техника, 15 адам, ТЖД 30 адам, Полиция департаментінен 4 адам, 2 техника және 600-ден астам еріктілер бар.
Мақтааралдағы ағын суды ауыздықтау үшін күндіз-түні ауданда жүрген Өмірзақ Шөкеев Төтенше жағдай жөніндегі штаб отырысын өткізіп, облыс әкімі халыққа жан-жақты көмек беріп, тұрғындарға үлкен қолдау көрсету керектігін атап өтті. Ол халыққа көрсетілетін көмектің үлкен ауқымда болатынын айтып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
“Қазақстан жолы” – ақпарат.