ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ОРНАЛАСУ КОНКУРСЫН ӨТКІЗУ МЕРЗІМІ 30%-ҒА ҚЫСҚАРДЫ

Қазір барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында өтетін ішкі конкурс жалпы конкурспен біріктіріліп, мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурс өткізу мерзімі 30%-ға қысқартылды. Бұған дейін мемлекеттік органдар конкурстардың үш түрін жүйелі түрде өткізіп келген болатын. Аталған жаңа бастама бос орындарды уақытты үнемді пайдалану арқылы жылдам түрде толтыруға өз септігін тигізеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов мәлімдеді.
Сонымен қатар, Департамент басшысының мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметшілердің жалпы конкурстарға қатысу тәртібі де жеңілдетілген.
«Қазіргі таңда Түркістан облысында 6583 мемлекеттік қызметші жұмыс істесе, бос лауазымдар саны 440-ы құрайды. Мемлекеттік қызметшілер енді жалпы конкурстарға жалпы негізде емес, ішкі конкурсқа ұқсас жеңілдетілген тәртіп бойынша қатысады. Бұл ретте, конкурссыз тағайындалатын мемлекеттік орган бірінші басшыларының көмекшілері, кеңесшілері, баспасөз хатшылары тестілеуден жəне жеке қасиеттерін бағалаудан өткен жағдайда осы лауазымға орналасқаннан кейін бір жыл өткен соң ғана ішкі конкурсқа қатысуға жіберіледі», — деді Айбек Ақбергенұлы.
Брифинг барысында департамент басшысы ауылдық округтердің әкімдеріне өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде кез-келген «Б» корпусы лауазымдарына конкурстық іріктеусіз орналасу құқығы берілгендігін айтты.
«А» корпусының кадр резервін қалыптастыру және оған іріктеу тәртіптері алынып тасталды. Сондай-ақ, ауылдық округтердің әкімдері аппараттарында жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында оларды «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізу көзделуде. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен елімізде алғаш рет өткізілген «Үздік ауыл әкімі» Республикалық конкурсының өңірлік кезеңі аяқталды. Өңірлік комиссия тарапынан ең көп балл жинап, өзгелерден озық шыққан 1 кезеңнің жеңімпазы болып Жетісай ауданының Жаңа ауыл ауылдық округі әкімі – Бахтияров Нұрлыбек Пердебекұлы анықталған болатын», — деді департамент басшысы.
Әдеп нормаларын бұзу дерегі бойынша ағымдағы жылдың І-жартыжылдығында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тәртіптік істер 50%-ға азайған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілікке тартылу дейгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға кеміген.
Бұдан бөлек, департаментпен 2020 жылдың І-жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасын сақтау мәселесі бойынша 17 тексеру жүргізіліп нәтижесінде 208 заңбұзушылық анықталған. Оның басым бөлігі жер қатынастары (73%), халықты әлеуметтік қорғау (12%), сәулет және құрылыс –(3%), білім (3%) салаларында орын алған. Бұл ретте, Департамент ұсынысымен заңбұзушылықтарға жол берген мемлекеттік органдардың 10 қызметкері түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.