ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ АУРУХАНАЛАРДЫҢ АХУАЛЫМЕН ТАНЫСТЫ
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары алдымен Ордабасы ауданындағы орталық ауруханада болды. Емдеу мекемесі жергілікті 120 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырған 158 науқас тіркелген. Өкінішке қарай, 2 адам қайтыс болды. Қуаныштысы, қазіргі таңда Ордабасы ауданында коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан науқас жоқ. Провизорлық орталықтағы орындар саны қырыққа дейін азайды. Ауданда 9 өкпені жасанды желдету аппараты және 70-тен астам оттегі концентраты бар. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, ешқандай тапшылық жоқ. Ауданда құрылған 17 мобильді медициналық топ 1 мыңнан астам адамның үйіне барып қызмет көрсетті.
Індет өршіген күрделі кезеңде автоматты байланыс (CALL-орталық) жүйесі іске қосылды. Бір мезетте бірнеше қоңырау қабылданып, азаматтардың сұрағына дереу жауап берілді.
«Санитарлық нұсқауларды әлі де ұмытуға болмайды. Бұл вирус ешқайда кеткен жоқ. Жұқтыруды болдырмас үшін барлық қауіпсіздік шараларын қадағалауымыз қажет. Аурушаңдықпен күрес тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Сол себепті халық арасында түсіндірме жұмыстарын көп жүргізу қажет. Бұл тұста облыстық әкімдік қызметкерлері тарапынан да қолдау көрсетілуде. Жалпы, өңірдегі медицина ұйымдарының індетпен күреске жоғары дайындығын байқауға болады. Мәселен, Ордабасы ауданында қазір коронавирус инфекциясымен науқас жоқ», — деп атап өтті А. Гиният.