БІЗ ДЕРТТІ ҚОҒАМДА ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ

ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ

Біз ойын-сауықтың елі сияқтымыз. Әсіресе, әзілге бір тәулікте 10 сағат уақыт берілген. “Өл-тіріл, бірақ мына халықты күлдір” дейтін секілді. Күлдіру де оңай емес, оған талант керек. Күлдіре алмаған соң қарқылдап өздері күледі. Мақсат – халықты ойландыруға жібермеу, күлдіру. Сосын қазір 1000 әнші бар. Олар Естайдың, Ақанның әндерін айтпайды. Оған шамасы келмейді. Олардың айтып жүргені ән емес, ырғақ.

*   *   *

Біздің үкіметіміздің шалағайлайтын жері – осы. «Рухани жаңғыру» дейді, адам қалай жаңғырады? Ол үшін, алдымен, адамның санасын жаңғырту керек.  Ескі қаланың орнын қазу, сол жерден бір құм шөлмекті тауып алу   рухани жаңғыру емес. Бізде құлдық сана қалыптасқан. Сіңіп кеткен. Еттен өтіп, сүйекке кеткен. Содан арылу керек.

 *   *   *

Одақ құрамындағы 800 жазушының 600-інің қайдан, қалай кіріп кеткенін білмеймін? Кейде газеттерде 60-қа, 70-ке келді деп бір қаламгерлерді  құттықтап жатады. Мен білмейтін адамдар.

Сонан соң  жазушылардың бір тобын “сарай жазушылары” дейміз. Сарай жазушыларының көбі Астанада.

Олар ешкімге  сын айтпайды. Есесіне,  жайлы үй, жақсы қызмет соларда.

 *   *   *

Айналамызда сұмдық оқиғалар орын алуда. Былтыр бір сұхбатымда:

«Біз сырқаты асқынған, дертті қоғамда өмір сүріп жатырмыз» дедім. Сырқат деген не? Бұрын адам естімеген, өз баласын өзі өлтірген аналар, биік үйден қарғып кететіндер, аспаққа асылып жатқан 15-18 жас арасындағы жастар. Бұл – біреу, екеу немесе он емес.

Жастар неге өмір сүргісі келмейді? Осының бәріне біз ой жүгіртуіміз, жауап іздеуіміз керек.

*   *   *

Бізде мемлекеттік, ұлттық идеология жоқ. Руханияттан бас тарттық. Біздегі идеал ақшаға, мал табуға бағытталып кетті. Біздің бірінші орынға экономиканы, яғни ақшаны шығаруымыз қоғамдағы ұтылысымыз болды. Мен біздің қоғамды сау қоғам деп есептемеймін. Біз дертті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бізде көптеген қоғамдық сырқаттар бар. Адамдардың қатігезденуі, жаппай жемқорлыққа бой ұру, пара беріп, заңсыз табыс табу, неше түрлі бұрын-соңды естіп көрмеген, айтуға ауыз бармайтын ауыр қылмыстарға бару, зорлық-зомбылық қайдан келді? Менің ойымша, осының бәрі рухани кедейшіліктен болып жатыр. Біз соңғы 20 жылда руханият дүниесін тастап қойдық. Соның кесірінен осындай жағдайға ұшырап отырмыз. Біз қазір рухани кедейшілікте жүрміз. Рухани кедей адам бәріне де барады. Қылмыстан да тартынбайды, жемқорлықтан да қайтпайды. Біз жемқорлықпен күрескен боламыз. Бірақ оның вирусын өлтіре алмай жатырмыз.

*   *   *

Ұлттың жаны бар. Ал оны құртудың бірнеше тетігі бар. Соның бірі – жер. Жерден айырылған ұлт жойылады. Тағы бірі – тіл. “Сөзі жоғалған ұлттың өзі жоғалады” деп Ахмет Байтұрсынұлы айтып кетті. Үшінші мәселе – тарих. Тарих халықтың – жады, зердесі. Оған кесір тисе, ұлтты ұстап тұратын ештеңе қалмайды.

*   *   *

Теледидар біздің өміріміздің бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Біз баяғыда қағазға көп тесілетінбіз. Ал телеарналардағы бар бағдарламалардың өзі ұсақ-түйекке құрылған. Содан кейін біздің қылжақбастар, күлдіргіштер, юмористеріміз бар. Біздің әртістер көбінесе елді күлдірмей, өздері күледі сақылдап. Әлде жұрттың көңіл күйі дұрыс емес пе?

Күлуге жағдайлары жоқ па? Әйтеуір, күлуді ұмытып бара жатырмыз.

Сонан кейін теледидарда қазақ әндері мен күйлері аз беріледі. «Малға кедей болсам да, әнге баймын» деп Шашубай айтпақшы, қазақ ән мен күйге бай халық қой. Телеарна басшыларының өздері ән-күй жазылған кассеталар мен табақтар қорға сыймай жатыр, қоятын жер жоқ деп айтады. Ал сол ән-жырды неге эфирден қоймайды? Жақсы сұрыпталған әндерді апта, ай сайын естіп отырсақ, ғанибет емес пе?! Бірақ сараң қатынның бауырсағындай аздап қана шашады. Эфирге тамыр-таныстықпен кіріп кеткен әншілер бары байқалады. Солардың бейнебаяндары мен әндері беріліп, тәуірлері көрінбейді. Ырғағы алға шыққан, қиқаң-қиқаң, бір-бірін қайталайтын бір сарынды дүниелер көп. Сондықтан, теледидарды ермек үшін емес, тәрбие құралына пайдалану керек.

*   *   *

Сананы жаңғырту керек. Бізде құлдық сана, отарлық сана әлі миымыздан, қанымыздан кетпей жатыр. Әлі де «бұрынғы қожайынға» жалтақтаймыз. Біздің басымыздан қандай тағдыр өтсе, соны айтуымыз керек. Мен әр шығармамда осыны ұстандым.

Жазушы – бойжеткен қыз емес, көрінгенге ұнағысы келе беретін. Менің біраз уақытым осындай жүйесі жоқ өтіріктерді орнына қоюға, ақиқатты ашуға жұмсалып кетті. Тағы бір дерт – біздегі қатыгездік. Ұры-қары, бірін-бірі ату, сату, баласын далаға тастап кеткен әйелдер көбейді. Осы қатыгездік қайдан келді. Адам санасын өзгертетін, қатыгездікті жоятын бірден-бір дәрі – көркем шығарма. Қоғамды лас күйінде ұстауға болмайды. Тазарту керек. Ол үшін кітап оқу қажет.

*   *   *

Қазақ орыс және өзге халықтардан көп нәрсе үйренді. Қазақ қонақжай халық болған соң 60-70 жыл олармен тату-тәтті тұрдық. Иә, кейін Қырым татарлары Татарстанға  кетті, шешендер Шешенстанға қоныс аударды. 1 миллионнан аса украиндар бар еді. Оның көбі қайтып кетті. Үштен бірі қалған шығар. Орыстар да солай. Қазір барлығы өзінің тарихи отанына оралып жатыр. Егер барлық ұлттар Қазақстаннан көшіп кетсе, қазақ аштан қырылып қалмайды. Қазақтың сол халықтардан, дүние жүзінен үйренген өз өнері өзіне жетеді.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.