ҚАЗАҚ ПЕН ҚАЗАН

Әлеуметтік желі деген қызық қой. Әркім өз білгенін жазады. Жазғанына қарап өресін байқап отырасың. Өткенде бір қыз парақшасына қара қазанның суретін салып: «Фууу, қап-қара қазан, қалай тамақ ішеді екен жұрттар!» -деп жазып қойыпты.

Қарап отырып қаным басыма шапқаны-ай! Осының алдында ғана тағы бір қыз ауылға барғанын, үйіліп тұрған тезекті көргенін айта келіп, «Осымен адамдар еще тамақ пісіреді» деп қойып қалды. Тамырынан безген деген осы шығар. Қазанынан жиіркеніп, тезегінен безінгенін айтсаңшы. Талай шаңырақтың жылуы болған, асыңды алдыңа әкелген осы тезектің құдіреті емес пе еді? Қара қазан талай қазақты аштықтан аман алып қалды емес пе? Аштықты айтпағанда, жаугершілік кезеңде талай қазақты қырып салғанда, қазан астына жасырынып қанша бала тірі қалып еді? Біз солардың ұрпақтары емес пе едік? Енді бүгін ауылымызға газ келді екен деп кешегі күнімізді қалай тез ұмыта қалдық екен? Біз тарихтан сабақ алуымыз керек, сонда ғана мықты ұлт боламыз. Сол себепті, қазан туралы әңгімені біраз қазбалауды ұйғардым.

Жазда ауылға бардым. Барған сайын туған-туысты аралап, марқұмдарға зиярат ететін әдетім. Сонда байқағаным, ауылдағы көне зираттарда төңкерілген қазан жатады. Бірі – моланың ішінде, тағы бірі қабір шұңқыры үстінде. Әжем бұрын “Мәйіт басындағы төңкерілген қазан марқұмның артында тұяғы қалмады, оты өшті дегенді білдіреді” дейтін. Иә, артында мирасқоры қалмаған соң, қара қазанын басына төңкеріп кетеді екен. Ата-әжелеріміздің «Қазанды төңкерме!» деп ұрысатыны бекер емес екен. Бейіт басына төңкерілген қазан нені білдіреді? Бұл – өте үлкен зерттеуді қажет ететін мәселе.

Сосын біздің кейбір аймақтарда қазан орнына шаңырақ төңкеретіндер де бар. Оның да мағынасы осындай, марқұмның шаңырағы күйреді, артында мирасқоры қалмады дегенді білдіреді. Қазақ не айтса да, қалт айтпаған екен. Бүкіл ырым-тыйымдардың астарына мұқият мән берсең, дүниедегі бар қорқыныштан сақтандырып кеткенін байқайсың.

Рас, қазақтың қазанға қатысты ырымдары көп. Қазақ қызға ешқашан қазан бермеген. Қайтыс болған адамның моласы бұзылса, түске кіріп мазаласа, басына қазан апарып қойған. Сол сияқты, қайтқан кісінің соңынан тұқымдары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, Құран оқытып, басына қазан төңкерткен. Біздің елде қазанға қатысты тағы бір ырым бар. Суға батып кеткен адамды қазан арқылы табады. Адам суға кетсе, үйіндегі қазанын төңкеріп суға жібереді. Алланың құдыретін қараңызшы, әлгі қазан адам батқан жерді айнала жүзіп тұрады. Бала кезде мұндайдың талайын көріп, таңғалғанбыз.

Қазақ ұғымында қазаннан айырылу құт-берекеден айырылумен бірдей. Сол сияқты, біреудің қазанын тартып алу масқарашылық болып саналған. Тарихта Олжабай бастаған батырлардың Ботаханды тірідей жерге көміп қазанын алып кететіні соның мысалы. Тағы бір мысал, Абылай хан Көкшетаудан көшкенде Бекболат бидің қуып келетінін біліп, өз қара қазанын жұртына тастап кетеді. Мұны Бекболат би дұрыс түсініп, атының басын кері бұрған. Міне, біздің бабалар қарапайым қазан арқылы үлкен философиялық ой-толғамдарды жеткізуші еді.

Серікбол Хасан.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.