ЖАЗА БАСҚАНДАРДЫ ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ
Түзеу мекемесінің міндеті – сотталған азаматты тәрбиелеу. Бабаларымыздың өзі «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспес» деп, кешірімді болуға, қателік жасаған адамды кеудесінен итермеуге, қатарға қосуға кеңес берген. Осы тұрғыдан алғанда Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты ИЧ-167/3 мекемесінде жазасын өтеп жатқандармен тәрбие жұмысы жақсы жолға қойылған.
Қылмыстық жазаға тартылған азаматтарды түзеудің түпкілікті шешім еместігі белгілі. Ағаттық жасаған адамды ортаға оралтудың тетігі тәрбиеде екені талассыз. Мұны түзеу мекемелерінде жұмыс істейтін тәжірибелі мамандардың бәрі мойындайды.
Арнайы контингент арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысын жүргізудің тәртібі енгізілген. Ол Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген «Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидасына» сүйене отырып реттеледі. Осы қағидада түзеу мекемесіндегі азаматтарды психологиялық қолдауға басымдық берілген.
Соған орай ИЧ-167/3 мекемесінде 2 психолог тәрбие жұмысын жандандыру мақсатында жұмыс атқаруда. Мекемеде психологиялық босаңсу бөлмесі жабдық-талған. Яғни, бұл бөлме – жай бөлмелердің бірі емес. Онда бөлменің безендірілуіне, жиһаздардың таңдалуына мән берілген. Босаңсу бөлмесі дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда, сырыңды бүкпесіз айтатын, ойыңдағыны іркіп қалмай жеткізетін, күйзелістен шығаратын алаң. Әрі осы бөлмеде жұмыс істейтін психолог та өзін көмек сұрап келгендердің жанашыры, сырласы ретінде сезінгені дұрыс. Бұлай болмаған жағдайда ашық диалог орнамайды, психолог пен сотталушы арасында сенімді әңгіменің түзілуі мүмкін емес. Сондықтан, біз мекеме тарапынан бұл бөлменің мақсатты жұмыс істеуіне бар мүмкіндікті қарастырдық. Мекемеге келген күннен бастап арнайы контингентті психологтар жеке қабылдап, әңгіме-сұхбат барысында психологиялық көмек және «Ақ сұңқар» психодиагностикалық кешенді аппаратпен зерделеу жұмыстарын жүргізеді. «Майнд машина» дыбыс-бейне стимуляторы қазіргі уақытта айыпталушылар мен сотталған азаматтарға психологиялық босаңсу бағытында көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, өз-өзіне қол жұмсауға бейім, профилактикалық есепте тұратын сотталғандар да психологтардың жіті бақылауында. Олардың бойынан қандай да бір өзгеріс сезілгенде психологтар тұйықталуының себебін біліп, көмек көрсетуге, тығырықтан шығуына қолдау көрсетеді.
Жыл басынан бері психолог мамандар сотталғандарға «Болашақ белестері» тақырыбында тренинг, жаттығулар жүргізді. «Менің отбасым», «Бостандықтағы өмірге деген сенімділік», «Менің болашағым», «Адамгершілік, жақсылық жасау», «Бостандыққа шыққаннан кейінгі менің өмірім» тақырыбында шығармашылық іс-шаралар жүргізілді.
Қортындылай келе сотталған азаматтардың қоғамға бейімделуіне, түзелу жолына түсуіне өз үлесі мен әсерін тигізетін мекеменің психолог мамандары десек қателеспейміз.
Д.Шермуханбетов,
ИЧ-167/3 мекемесінің САӘПТЖБ бөлім бастығы, әділет майоры.