ЕССІЗ ӘН ЕЛІКТІРМЕСІН ДЕСЕК…

“Музыка адамды тәрбиелейді” деген сөз тегін айтылмаған. Біздің қазіргі кездегі беткеұстар әншілеріміздің өзі киелі сахналардан әуелетіп жүрген әндердің музыкасының көбі шетелден алынғаны (ұрланғаны) көрініп-ақ тұр. Қазіргі тілмен айтқанда «хит» болып жүрген әндерді үйдегі сәбилер тақылдап айтып, ырғағына елітіп, билеп жатқанын көргенде музыка адамды тәрбиелейді дегенді толық түсінгендей боласың.

Жарайды «Музыка ұлтқа бөлінбейді» демекші, әуенді қоя тұрып, оның сөзіне тоқталайықшы.  Ән сөзі емес, күнделікті тұрмыстағы ауызекі  сөздеріміздің арасына бөтен тілдегі атауларды қосып ділмарсып желдіргенге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Содан келіп, балаларымызды қазақша сөйлей алмайды деп кінәлаймыз. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бабаларымыздың тәмсілдегеніндей, еліміздің ертеңі болған жеткіншектер, тіпті бесіктен белі шықпаған сәбилердың  отбасы мен қоғамнан естіп өскені – есер әуен мен қиюы қашқан сөз-сөйлемдер. Ойы олақ, тілі шұбар, мінезі қыңыр, қазақылығы аз жастарды көргенде  еріксіз күйіп-пісесің.

Бүгініміздің бұлбұл әншісі болып жүрген Қайрат Нұртастың өлеңдерін естімеген қазақ болмаса керек. Әншіміздің дауысына, еңбектенуіне, ізденуіне еш айтарымыз жоқ. Бірақ орындаған әндерінің сөзіне келгенде көңіліміздің жабырқап қалатын рас. Мысалы: «Жүрегіңнен бір орын бер…» әнінде «Жүрегіңнен бір орын бер, бос болса» дейді. Негізі автор «бір орын бер» демей-ақ, «жүрегіңе сыйдыр мені» немесе «орын бер» деп қана жазуы керек еді. Ал, осы күннің жастары құтырынып  билеп, ыңылдап салатын «Маскүнем» әнінің сөзі тіпті сорақы.

«Шапалақты ұрып қаспенен…» дейді. Шапалақты қаспен ұрғаны несі? «Қасын қағып немесе керіп сөйледі» деп айтылмай ма?

Осындай әнсымақ­тардың қатары осы күнде санап тауысқысыз болып барады. Сәби көңілмен әбден тыңдаған балалардың санасынан ойып орын алған оспадар өлеңнің сөздерін дұрыстап берейін десең, балталап бұза алмайсың.

Күнделікті тұрмыста ауызекі айтылатын сөздерді қасиетті поэзиямызға, ән сөздеріне енгізіп, өлең сөздің құтын қашырып жібереміз. Әлеуметтік көліктерге, жалдамалы көліктерге мінсеңіз, осындай бүлінген әндерді бақыртып қойып жатады. Бір жолы балабақшаға арналған көлікке құлыншақтарыммен бірге міндім. Музыка ойнап тұр. Қандай музыка десеңізші, жастардың «күйдім, сүйдім, сен болмасаң өлем» деген жылаңқы әндері. Оң-солын әлі танып үлгермеген балаларға ондай махаббат әндерінің не пайдасы бар? Керісінше, әуенді балалар әндерін, туған жер, ауыл жайлы алуан түрлі өлеңдерді сайратып қойса, балалардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігі, өмірге деген ынтасы одан сайын арта түсер еді.

Әр адам өзінің ұлтына, ана тіліне, өз елінің салт-дәстүріне құрметпен қарауы тиіс. Тіліміздің шұбарланып, жұтаңдауын болдырмау үшін әрбір қазақпын деген адамның кез келген ортада, кез келген салада болсын қазақ тіліне деген құрметі, сүйіспеншілігі мен-мұндалап тұруы керек. Жұрт болып жұмылағанда ғана тіліміз дұрысталып, қоғамымыз тынышталып, нағыз қазақы бейнеміз жарқырап, үніміз асқақтар еді.

Ғалым Қасымхан.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.