ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНЕН ШАЛЫНҒАН ҚОҢЫРАУ АРҚЫЛЫ 7 ТҰЛҒАНЫҢ ҮСТІНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай 2020 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша брифинг өткізді.
Баспасөз жиынында ағымдағы жылдың 8 айында Департаменттің Тергеу басқарамасының өндірісінде 288 қылмыстық іс болғандығы, оның ішінде 169-ы Агенттіктің Түркістан облыстық департаментімен тіркелгендігі атап өтілді.
Және өндірісте болған істердің 184-і өндіріспен аяқталып, оның 42 ісі айыптау актісімен сотқа жолданғандығы баяндалды.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында әрбір аяқталған істер бойынша алдын алу шараларын күнделікті жүргізудің арқасында ҚР ҚПК-нің 200 бабына сәйкес, заң бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсыныстарды енгізу көрсеткіші 100%-ға жеткендігі атап көрсетілді.
Атап айтқанда, биылғы жылдың 8 айында 75 ұсыныс жолданып, оның 64-і қаралып, 44 лауазымды тұлға түрлі деңгейдегі тәртіптік жауапкершіліктерге тартылған.
Баспасөз жиынында Департамент басшысының бірінші орынбасары мекеме ұжымының қатысуымен — 40, ал басшылардың қатысуымен — 22 ұсыным қаралғандығын тілге тиек етіп, сотқа жолданған қылмыстық істер бойынша ұсыныстардың барлығы толық мемлекеттік органдарға жолданғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1131 қағидасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен 9 тұлғаға 1,5 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілгенін алға тартып, Агенттіктің 1424 Call орталығына Түркістан өңірінен хабарласқан 73 азаматтың берген ақпараты арқылы жедел әрекет ету амалдары жүргізіліп, нәтижесінде 7 тұлғаның заңсыз әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалғандығы атап өтілді.